Елорданың қақ ортасында лесбияндар мен гейлердің туын желбіретіп қойды

0
1 360

Бүгін әлемде "Каминг-ауттың ұлттық күні" аталып өтіп жатыр, осыған орай Нидерланды елшілігі ЛГБТ туын көтеруді ұйғарған.


Елорданың қақ ортасында лесбияндар мен гейлердің туын желбіретіп қойды

ERNUR.KZ. Елорданың қақ ортасындағы бизнес орталықтардың бірінде ЛГБТ-ның туын көтеріп қойды, деп жазады sputniknews.kz.

"Бүгін, 11 қазанда әлем бойынша әрбір адамның өзінің ішкі болмысын сақтауға және еркін болуға деген әмбебап құқығын атап өтіп отырмыз. Әлемдегі әрбір адамның, соның ішінде ЛГБТ-ның тең құқығы мен әлеуметтік мәртебесі болуы қажет. Дискриминацияға жол берілмеуі керек. Сол себепті бүгін таңғы сағат 9:00-де түрлі-түсті туды кішкентай болса да, тең құқықтың маңызды әрі оң символы ретінде көтеріп қойдық. Осы бастамаға Еуропалық одақ мемлекеттерінің басқа да елшілері қолдау білдіріп, туды көтеру рәсіміне қатысты", - деді Нидерланды елшілігінің қызметкерлері.

Бизнес-орталықта Нидерланды елшілігінен бөлек, Германия, Австрия, Венгрия, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Жапония, Франция, Швейцария мен Хорватияның дипломатиялық корпусы орналасқан.

Айта кетейік, бүгін Америкада "Каминг-ауттың ұлттық күні" аталып өтеді. Осы мейрамның негізгі мақсаты - лесбияндар, гомосексуалдар, бисексуалдар мен трансгендерлердің құқықтарын қорғау. Бас кезінде каминг-аут күні тек АҚШ-та ғана болған. Бертін келе, ол шара әлем бойынша таралып кетті.

Бұл күннің тарихы 1988 жылғы 11 қазаннан бастау алады. Сол кезде Вашингтонның көшелеріне 500 мыңнан астам демонстрант шығып, лесбияндар мен гейлердің теңдігін талап етті. Осы жылы каминг ауттың ұлттық күні бекітілген.

Каминг-аут (coming out. – ағылшынша) "ашық көрсету", "шығу" деген мағынаны білдірді. Ол сөз "Сoming out of the closet" деген тіркестен бастау алады. Аудармасы - "шкафтан шығу". ЛГБТ өкілдері, көп жағдайда, осы "шкафтан" шығуға қорқады.