"Елу адамға түскі ас бөледі": Димаш Құдайберген жаңа акция жариялады

0
744

Орындаушы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасын қолдау арқылы бүкіл әлемдегі аштық проблемасына адамдардың назарын аударғысы келеді.


ERNUR.KZ. Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген дизайнер Майкл Корспен бірге аштық мәселесімен күреседі, деп жазады sputnik.kz.

Орындаушы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасын қолдау арқылы бүкіл әлемдегі аштық проблемасына адамдардың назарын аударғысы келеді.

"Мен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының "MichaelKors #FoodIsLove" жобасын қуана қолдаймын. Олардың балаларды тамақтандыру арқылы әлемдегі азық-түлік мұқтаждығын жою бағытындағы миссиясы маған жақын. Бұл әсіресе пандемия кезінде өзекті болып тұр",– дейді әнші.

Димаш, сондай-ақ, сатылған әрбір "Love" футболкасынан түскен барлық қаражат ұйымды қолдауға көмектесетінін айтты.

"Сатылған әрбір "Love" футболкадан түскен қаржы түгелдей Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына аударылады. Маған оларға қолдау таныту үшін сіздердің көмегіңіз қажет. Футболкамен суретке түсіп #WATCHHUNGERSTOP және @michaelkors-ті тегтеңіз. Әр пост пен сторис үшін "Michael Kors" БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына 50 адамға арналған түскі ас бөледі!", - дейді ол.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (World Food Programme (WFP) - әлемдегі ең ірі гуманитарлық ұйым, ол жылына 4 миллион тоннаға жуық азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Ұйым 1963 жылы БҰҰ жүйесінде азық-түлік бойынша көмек көрсету агенттігі ретінде құрылды.Оған дамушы елдердегі кедейлерге көмектесу, аштық пен кедейлікпен күресу міндеті жүктелген. Ол экономикалық және әлеуметтік дамуға жәрдемдесу үшін азық-түлік көмегін пайдаланады.