Енді тыйым салынған контентті репост жасағандар да жауапқа тартылуы мүмкін

0
104

Жоба 2026 жылғы 5 наурызда жарияланған. Қоғамдық талқылау 20 наурызға дейін жалғасады.


Енді тыйым салынған контентті репост жасағандар да жауапқа тартылуы мүмкін

Ulysmedia.kz коллажы

ERNUR.KZ. Қазақстанда интернеттегі заңға қайшы контентті анықтау және оны бұғаттау тәртібін бекітетін жаңа ереже жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Құжат қабылданса, тыйым салынған материалдарды жариялағандар ғана емес, оларды таратуға қатысқандар да жауапқа тартылуы мүмкін, деп жазады ulysmedia.kz.

Ережені кім әзірледі?

«Ашық НҚА» порталында жарияланған құжаттың жобасын Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі әзірлеген. Құжаттың толық атауы – «Құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша, бұғаттау шараларын қабылдай отырып, ақпараттық кеңістікке, соның ішінде интернет желісінде мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы».

Жоба 2026 жылғы 5 наурызда жарияланған. Қоғамдық талқылау 20 наурызға дейін жалғасады.

Интернетке мониторинг жүргізіледі

Құжатқа сәйкес, уәкілетті орган өз құзыреті шеңберінде ақпараттық кеңістікті, соның ішінде интернетті тұрақты түрде бақылап отырады. Негізгі мақсат – заңға қайшы контентті анықтап, оның интернеттегі таралуын шектеу немесе бұғаттау.

Қағидалар Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңына сәйкес әзірленген.

Репост үшін де жауапкершілік болуы мүмкін

Құжатта негізгі назар интернетте таралатын заңға қайшы материалдарды анықтау мен шектеуге аударылған. Мұндай контентті тек жариялау ғана емес, оны тарату да құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, бұл нормалар әлеуметтік желілерде тыйым салынған материалдарды бөлісу немесе репост жасау жағдайларын да қамтуы ықтимал. Яғни, заңға қайшы ақпаратты өз парақшасында жарияламаса да, оны таратуға көмектескен қолданушылар да жауапқа тартылуы мүмкін.

Мақсаты – заңсыз контентті шектеу

Жоба авторларының түсіндіруінше, жаңа ережелердің негізгі мақсаты – құқыққа қайшы контентті анықтау және оның интернет желісіндегі қолжетімділігін шектеу.

Құжатта мұндай шаралар нормативтік-құқықтық акт күшіне енген сәттен бастап іске асырылатыны көрсетілген.

Сонымен қатар әзірлеушілер құжат қабылданған жағдайда әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан теріс салдар туындамайды деп есептейді.