Енді жұмысқа орналасқан адамды жүйе өзі есептен шығарады

0
67

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми сайтында жазды.


Енді жұмысқа орналасқан адамды жүйе өзі есептен шығарады

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми сайтында бос жұмыс орындарын жариялау және жұмыссыз азаматтарды есептен шығару тәртібін түсіндірді.

Жұмыс берушілер жаңадан пайда болған бос жұмыс орындарын бес жұмыс күні ішінде Enbek.kz электрондық еңбек биржасына орналастыруға міндетті. Бос орын қызметкер ресми түрде жұмысқа қабылданғанға дейін жариялануы керек. Бұл талап жұмыс іздеп жүрген азаматтарға елдегі нақты әрі өзекті вакансиялар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Бос жұмыс орындарын белгіленген мерзімде жарияламаған жұмыс берушілерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Заңбұзушылықтың түрі мен қайталануына қарай ескерту жасалып, айыппұл салынуы мүмкін.

Ал жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтың жұмысқа орналасуы мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде бақыланады.

Азамат жұмысқа тұрғаннан кейін оның деректері Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне түседі. Электрондық еңбек шартының тіркелуі немесе жұмыс берушінің алғашқы міндетті зейнетақы жарнасын аударуы азаматты жұмыссыздар қатарынан автоматты түрде шығаруға негіз болады. Сондықтан жұмысқа орналасқан адамға есептен шығу үшін міндетті түрде мансап орталығына барып, өтініш жазудың қажеті жоқ.

Дегенімен, министрлік азаматтарды жұмысқа орналасқанын мансап орталығына бес жұмыс күні ішінде хабарлауға шақырады. Десе де, азамат бұл туралы өзі хабарламаса да, мемлекеттік жүйелердегі ақпарат негізінде оның мәртебесі автоматты түрде жаңартылады.

Министрлік жұмыс берушілерге де талаптарды сақтауды ескертті. Яғни, бос жұмыс орындарын уақытында Enbek.kz-ке жариялап, қызметкерді қабылдаған кезде электрондық еңбек шартын тіркеу және міндетті әлеуметтік әрі зейнетақы аударымдарын дер кезінде жүргізу қажет.

Бұл талаптардың орындалуы еңбек нарығындағы ақпараттың өзекті болуына және жұмыссыз азаматтарды қолдау шараларының тиімді жүргізілуіне мүмкіндік береді.