Еліміздің жас әншісі Ержан Максим қазақстандықтарға бейнеүндеу жасап, байқауда қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты
ERNUR.KZ. Жас әнші Ержан Максим қазақстандықтарға "Балалар Евровидениесі – 2019" байқауында қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты, деп жазады sputniknews.kz.
"Құрметті менің достарым, апа-ағаларым, ата-әжелерім! Маған дауыс бергендеріңіз үшін көп-көп рахмет айтқым келеді. Осының бәрі сіздердің арқаларыңызда. Мен сіздерді қатты жақсы көремін. Барлықтарыңызға рахмет", - деді әнші бейнеүндеуінде.
Еске салсақ, Ержан Максим Junior Eurovision 2019 байқауында екінші орын алды. Конкурс финалы 24 қараша күні Польшаның Гливице қаласында өтті. 12 жастағы Ержан "Арманнан қалма" әнін орындады.
Қазақстандық жас вокалист кәсіби қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беру нәтижесінде 227 балл жинады. Айта кетсек, ұлттық қазылардың дауыс беру қорытындысы бойынша Ержан Максим бірінші орынға ие болды.
Бірінші орынды Польша әншісі Виктория Габор (278 балл) алса, үшінші орынды Испания өкілі Мелани Гарсия (212) иеленді.