«Фермерлер шығынының 50%-ы өтеледі»: министр су үнемдеу технологиясы жайлы

0
745

Фермерлердің ұңғымаларды бұрғылау шығынын да өтеу қарастырылып жатыр.


«Фермерлер шығынының 50%-ы өтеледі»: министр су үнемдеу технологиясы жайлы

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында фермерлерге жасалатын жеңілдіктер туралы айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстарға тоқталғым келеді. Біріншіден, инвестициялық субсидиялау аясында фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі.
Екіншіден, ҚР-да жобаларды өз қаражаты есебінен іске асыру мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, израильдік «METZERPLAS» компаниясы осы күзде тамшылатып суаруға арналған құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр», - деді министр.

Ол атағандай, қытайдың VODAR компаниясы мен түріктің AFKO компаниясы жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауыттар ашуды жоспарлап отыр.

«Су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, мұнда бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасына қарай 50%-дан 85%-ға дейін сараланған түрде белгіленеді. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы өз Жолдауларында әрқашан су ресурстарын есепке алуға ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты және Су кодексінің талаптарына сәйкес Су беру жөніндегі субсидиялау қағидаларына есептеу аспаптары мен қондырғыларының көрсеткіштері бойынша бөлу нүктесінде фермерлерге жеткізілген судың көлемін айқындау бөлігінде өзгеріс енгізілді. Бұдан басқа, Аудиторлық палатаның нұсқамасына сәйкес суару әдістеріне байланысты су беру бойынша субсидияларды саралау жұмысы жүргізілуде, яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады. Бұйрықтың тиісті жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр»,- деді Қарашөкеев.

Сонымен қатар ол фермерлердің ұңғымаларды бұрғылау шығындарын өтеу үлесін жергілікті бюджет есебінен 80%-ға дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатқанын айтты.

«Мүдделі тараптармен келісілгеннен кейін аталған өзгерістер заңнамада белгіленген тәртіппен инвестициялық субсидиялау қағидаларына енгізілетін болады. Осыған байланысты, су беру, сондай-ақ суды есепке алу бойынша қызметтер көрсету мәселелері Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бекітілгенін ескере отырып, оларға облыс әкімдіктерімен бірлесіп фермерлер арасында есепке алу аспаптарын немесе өлшеу аспаптары мен қондырғыларын таңдау және орнату бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз», - деді ол.