Ғарыштан түсірілген Алакөлдің көрінісі көпшілікті тәнті етті

0
114

Ғарышкер көгілдір түске боялған көлдің дала мен тау жоталарының арасында орналасқан көрінісін Instagram парақшасында жариялады.


Ғарыштан түсірілген Алакөлдің көрінісі көпшілікті тәнті етті

Сурет: wikimedia

ERNUR.KZ. Белгілі ресейлік ғарышкер Антон Шкаплеров Қазақстандағы Алакөл көлін ғарыштан суретке түсіріп, әсерлі кадрды көпшілікпен бөлісті, деп жазады zakon.kz.

Ғарышкер көгілдір түске боялған көлдің дала мен тау жоталарының арасында орналасқан көрінісін Instagram парақшасында жариялады.

"Жер шарын әр айналып өткен сайын оның қаншалықты ғажайып екеніне тағы бір мәрте көз жеткізесің. Бұл суретте – Қазақстандағы Алакөл көлі. Ғарыштан қарағанда ол қар жамылған тау жоталарының ортасында жатқан алып көгілдір інжу-маржанға ұқсайды. Алакөл – Қазақстандағы ең ірі көлдердің бірі. Ол мөлдір суымен, жануарлар дүниесінің алуан түрлілігімен танымал. Сондай-ақ бұл жер мыңдаған қоныс аударатын құстардың, соның ішінде сирек кездесетін реликті шағалалардың маңызды аялдау орны саналады. Орбитадан қарағанда су айдындары, асқар таулар мен шексіз далалардың табиғатта қандай үйлесім тапқаны ерекше айқын көрінеді. Осындай көріністер Жердің – бәріміздің ортақ әрі теңдессіз ғарыштағы үйіміз екенін тағы бір мәрте еске салады. Сондықтан оны аялап, қорғау – баршамыздың міндетіміз", – деп жазды Антон Шкаплеров.


Ғарышкер жариялаған ерекше фотосурет әлеуметтік желі қолданушыларын, әсіресе қазақстандықтарды бейжай қалдырмады. Олар суреттің әсемдігіне тәнті болып, Алакөлдің табиғи сұлулығына сүйсінген пікірлерін қалдырды.

  • Антон, Қазақстаннан жалынды сәлем!
  • Ғажап...сөзсіз таңғажайып!
  • Антон, Жерге аман-есен оралып, елімізде қонақ бол. Алакөлді жақыннан көрсетейік!
  • Отан... қандай құдыретті едің!
  • Алакөлдің суы да ем ғой шіркін...

Алакөл – Балқаш-Алакөл ойпатында, Абай және Жетісу облыстарының шекарасында орналасқан ағынсыз ащы-тұзды көл. Көлдің оңтүстік-шығыс бөлігінде Жоңғар қақпасы тау асуы орналасқан.