Грантпен оқыған ЖОО түлектері ауылда жұмыс істеуге міндеттеледі

0
1 295

Ал өкілетті органдар жергілікті жерлерле оларды жұмыспен қамтамасыз етуі тиіс.


Грантпен оқыған ЖОО түлектері ауылда жұмыс істеуге міндеттеледі

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің депутаты Роман Ким жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін ауылда жұмыс істеуге міндетті мамандардың тізімін кеңейтуді ұсынды. Осы орайда ол Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгінде ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығындағы жас мамандардың, мұғалімдердің, дәрігерлер мен мәдениет қызметкерлерінің тапшылығы мәселесі байқалып отыр. Депутаттардың өңірлерге сапары кезінде агробизнес пен жергілікті қоғамдастық өкілдері ауылға жоғары оқу орындарының түлектерін тарту тақырыбын көтерді. Үкіметте мемлекеттік грант есебінен білім алған студенттерді ауылдарда жұмыс істеуге міндеттейтін қаулының жобасы даярлануда. Бұл шешімді дұрыс әрі уақытылы жасалып жатыр деп санаймыз», - деп тоқталды депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның пайымынша, елдімекендерде қажетті кадрлық әлеуетті қамтамасыз ету үшін аталған тізімді кеңейту керек. Сонымен қатар, депутаттық сауалда ауылға баратын ЖОО түлектерін жұмыс орындарымен қамту мәселесі де көтерілді.

«Ауыл квотасы есебінен мемлекеттік грантпен білім алған, яғни ауыл шаруашылығы өндірісіне кадрлар даярлайтын барлық мамандықтар ауылдарда еңбекпен өтейтін тізімге енгізілуі тиіс деп ойлаймыз. Ал өкілетті органдар жергілікті жерлерле оларды жұмыспен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл өз кезегінде шаруашылық субъектілер үшін кадрлық резервті құруға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың аппараттары мен басқа да құрылымдарға мамандарды тартуға жол ашар еді», - деді Р. Ким.