Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіқалықованың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, ол Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалған еді.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты, әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты, деп жазады Sputnik Қазақстан.
28 наурызда президенттің жарлығымен Әбдіқалықова Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалған еді.
Осыған байланысты мәжілістің жалпы отырысында депутаттың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әріптесіне бірге атқарған жұмыс үшін алғыс айтты.
"Біздің әріптесіміз үлкен қызмет жолынан өтті. Көптеген лауазымды абыроймен атқарды. Жаңа қызметте қасиетті Қызылорда облысының дамуы үшін аянбай еңбек етеді деп сенеміз. Осы жерде ерекше айта кету керек, егемен еліміздің тарихында алғаш рет әйел адам облыс әкімі болып тағайындалды", - деді спикер.
Осыдан кейін Нығматулин Әбдіқалықова басқарған әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасына Бейбіт Мамыраевтың кандидатурасын ұсынды.
Мәжілісмендер бұл ұсынысты қолдап, бірауыздан дауыс берді.