ІІМ шетелдік көлікті заңдастыру үшін нені білу керек екенін айтты

0
659

Парламент 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктерді заңдастыру үшін алынатын бірыңғай алымның мөлшерін 200 мың теңге көлемінде бекітті.


ІІМ шетелдік көлікті заңдастыру үшін нені білу керек екенін айтты

Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев автокөліктерді заңдастыру бойынша сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Парламент 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктерді заңдастыру үшін алынатын бірыңғай алымның мөлшерін 200 мың теңге көлемінде бекітті. Сонымен қатар заңдастырылатын автокөліктер үшін кәдеге жарату төлемін алып тастау үшін Экологиялық кодекске түзетулер енгізіліп жатыр.
Одан басқа Ішкі істер министрлігі заңдастыру тәртібін, шарттары мен мерзімдерін айқындайтын үкімет қаулысының жобасын әзірлеуде.

Нақты мәлімет жоқ

Сұлтанбаев Қазақстанда тұрақты жүрген шетелдік автокөліктердің нақты саны туралы деректер жоқ екенін мойындады.
"Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін шетелдік автокөліктерге 300 мыңнан астам автосақтандыру полисі ресімделгенін анықтадық", - деді комитет басшысы.
Автосақтандырулардың ең көбі Ресейден келген автокөліктерге берілген, олар шамамен 260 мың, Қырғызстан автокөліктері – 25,5 мың және Армения көліктері – 18 мың.

Заңдастыру қашан басталады және қанша уақытқа созылады?

Қажетті заңнамалық өзгерістер күшіне еніп, тиісті үкімет қаулысы қабылданғаннан кейін заңдастыру басталады. Бұл ретте заңдастыруды жарты жылдың көлемінде өткізу жоспарлануда.
Кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің деректер базасы бойынша айқындалады. Бүгінде бұл процесс толығымен автоматтандырылған. Егер Шекара қызметінде көлік құралын әкелу туралы мәлімет болмаған жағдайда автокөліктің Қазақстан Республикасында нақты болу күні автосақтандыру полисінің алғашқы ресімделген күні бойынша айқындалады.

Әкелінген көліктер екі талапқа сәйкес болуға тиіс

Сұлтанбаев мемлекет басшысы заңдастырудың екі критерийін белгілегенін атап өтті.
"Біріншісі – автокөлік іздестіруде болмауы керек. Екіншісі – кедендік тазалаудан өтуі керек. Егер аталған автокөліктер осы талаптарға сәйкес келсе, әрине оларды тіркеуге еш кедергі жоқ", - деді ол.
Заңдастырылатын автокөліктердің жылына және экологиялық класына талаптар қойылмайды. Біздің елде уақытша тіркелген "армян" автокөліктері де заңдастырылады. Оларды кедендік декларациялау талап етілмейді, себебі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып танылады.

Заңдастыру үшін қанша төлеу керек?

Негізгі төлем – бастапқы тіркеу үшін алым 200 мың теңге. Қалғаны техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін алынатын төлемдер, олар үшін тағы 13 171 теңге төлеу қажет (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік нөмір мен техникалық паспорт үшін төлем сомасы шамалы өзгереді, өйткені баждар АЕК-ке байланысты есептеледі).
Заңдастыруға өтінішті "Электронды үкімет" порталы арқылы немесе арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына жеке өтініш жасау арқылы беруге болады. Ұсынылған құжаттар мен көлік құралы іздестіру базалары бойынша тексеріледі. Одан кейін автокөлік арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Содан кейін егер талап етілсе, автокөлікке кедендік декларациялау жүргізіледі, 200 мың теңге мөлшерінде бастапқы алым, сондай-ақ техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баж төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі.