Комитет интернет кеңістігінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналар негізгі қағидалар мен қауіпті белгілерді білуге тиіс екенін еске салады.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарды балалардың онлайн-ойындарына ерекше назар аударуға шақырып, үндеу жасады, деп жазады stan.kz.
Комитет интернет кеңістігінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналар негізгі қағидалар мен қауіпті белгілерді білуге тиіс екенін еске салады.
Балаларға интернетте не істеуге болмайды?
- жеке мәліметтерін (аты-жөні, мекенжай, телефон, отбасы жайлы мәлімет) бөлісу;
- Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте сияқты желілердегі қауіпті топтар мен анонимді чаттарға кіру;
- ата-анасы тексермеген күмәнді онлайн-ойындарды ойнау.
Ата-аналар балаларының іс-әрекетін қалай бақылай алады?
- ата-ана бақылауы параметрін пайдаланыңыз: Android үшін Family Link, iOS үшін Screen Time;
- баланың әлеуметтк желілердегі достары мен жазылымдарының тізімін бақылаңыз;
- аты-жөні жоқ, түсініксіз белгілермен, иероглифтермен немесе күмәнді суреттермен жасалған парақшаларға назар аударыңыз.
Баланың қандай әрекеттеріне көңіл бөлу керек?
- бала дұрыс ұйықтамайды, түнде жиі оянады;
- денесінде түсініксіз жарақаттар, көгерулер пайда болады;
- тұйықталып, ашушаң болып, сөйлесуден қашады;
- мазмұны депрессивті немесе агрессивті бейнелерді жиі көреді;
- қорқынышты суреттер салып, оның мәнін түсіндірмейді.
Балаға қалай көмек көрсету қажет?
- эмоционалдық жағдайын жіті бақылаңыз;
- балаңызбен жиі сөйлесіп, күнделікті өміріне қызығушылық танытыңыз;
- бала кез келген сәтте ойын бөлісе алатынын сезінуі керек.
Көмек қажет болса, қайда жүгінуге болады?
- құқық қорғау органдарына (102);
- мектептегі педагог-психологтарға;
- мектеп жанындағы ата-аналарға қолдау көрсету орталығына;
- балаларды психологиялық қолдау орталығына;
- өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілге;
- тәулік бойы тегін жұмыс ісейтін "111" байланыс отралығына.
"Ата-ана бақылауын орнату және баланың интернеттегі белсенділігін қадағалау – оны онлайн-қателерден қорғаудың сенімді жолы", – делінген хабарламада.