Денесі табылған ер адамның басында жырымдалған жарақаттар бар.
ERNUR.KZ. Жаркент қаласындағы көшелердің бірінен 54 жастағы жергілікті тұрғынның денесі табылды. Оны ит қапқан болуы мүмкін, деп жазады kaz.nur.kz.
Қазір Жетісу облысының полициясы ер адамның өлімі нақты неден болғанын анықтап жатыр.
Полицияның мәліметінше, оқиға бүгін, 15 сәуірде таңертең тіркелген. Денесі табылған ер адамның басында жырымдалған жарақаттар бар. Болжам бойынша марқұмды ит қапқан болуы мүмкін. Себебі, жақын маңдағы жер үйдегі күшіктеген питбульдің жүнінен қан тәрізді қоңыр дақтар анықталған.
"Итті уақытша ұйықтатып тастады. Ер адамның ажалы шынымен де ит қапқаннан кейін болған-болмағаны қазіргі уақытта анықталып жатыр. Оқиға орнында Панфилов аудандық полициясының жедел-тергеу тобы жұмысын жалғастыруда. Іс жүзінде қажетті сараптамалар тағайындалды", - делінген полиция хабарламасында.