Қарағандыда дәл полиция бөлімінің жанында үйлену тойы өтті

0
782

Мейрамхана қожайыны енді ірі көлемде айыппұл төлейді.


Қарағандыда дәл полиция бөлімінің жанында үйлену тойы өтті

ERNUR.KZ. Қарағандыда жергілікті тұрғындар полиция бөліміне таяқ тастам жерде той жасаған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Той иелері музыканы бар даусына қойып, бидің түбін түсіріп жатқандар аяқ астынан "қонаққа келген" полицейлерді де елемеген.

Ішкі істер бөлімі маңында орналасқан мейрамханаға у-шудың мәнін білмек болып бір полицей бас сұққан. Думандатқан топты көрген соң, іле-шала әріптестерін шақырыпты. Полицейлерді кешігіп келген қонақтар деді ме, тойдағылар тоқтайтын түр көрсетпеген. Арақашықтықты сақтап, бетперде таққан біреуі жоқ. Тексерушілерге төрде отырған жас жұбайлар да мән бермеді. Өйткені, жауапқа тартылатын тойхана иесі ғана екен. Музыканы өшіріп, бишілерді тыйған полицейлер тойды тарқатып бір-ақ кетті.

Музыканың қатты шыққан дауысын естідік. Мейрамханаға кірсек, үйлену тойы болып жатыр. Тойды тоқтатып, мейрамхана қожайынына қатысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 425-бабымен іс қозғалды. Енді ол ірі көлемде айыппұл төлейді, - дейді Михайлов полиция бөлімінің бастығы Ерлан Есжанов.