​Қарағандыда көпбалалы ана 4 балабақша ашты

0
2 286

Мемлекеттік тапсырыстың ұлғаюы кәсіпкерлерді екі есе дерлік ынталандырды. Тек бір жыл ішінде облыста 20-дан астам жекеменшік балабақша ашылды.


​Қарағандыда көпбалалы ана 4 балабақша ашты

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов көпбалалы аналардың біріне қаладағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге үлес қосқаны үшін алғыс білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Айнагүл Хамитова жеті баланың анасы, 720 орындық 4 жекеменшік балабақша ашты. Мен ол нысандарда болдым, тамаша жағдай, жаңа әдістемелер қолданатындарын өз көзіммен көріп қайттым», - деді Ерлан Қошанов.

Өңір басшысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы Елбасының 3-6 жас аралығындағы балаларды 100% балабақшамен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасы орындалғанын атап өтті. Мемлекеттік тапсырыстың ұлғаюы кәсіпкерлерді екі есе дерлік ынталандырды. Тек бір жыл ішінде облыста 20-дан астам жекеменшік балабақша ашылды.

«Бұдан басқа, енді ата-аналар интернет арқылы кезекке тұрып, балабақшаға орын ала алады. Бұл сыбайлас жемқорлық қаупін 100% - ға төмендетеді. Енді біздің міндетіміз - 3 жасқа дейінгі балалар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды балабақшамен қамтамасыз ету», - деп атап өтті облыс әкімі.

Өңір басшысы білім беруді дамыту туралы да тоқталып өтті. Өткен жылы облыста екі жаңа мектеп салынды. Биылғы жылы тағы үш нысан салынуда. Әкімнің айтуынша, осы жобаларды жүзеге асыру арқылы облысымыз үш ауысымды оқытудан толық құтылады. Өткен жылы 228 мектепті жөндеуге 6,5 млрд теңге жұмсалды. Өңір басшысы барлық мектеп интернаттары қалыпқа келтірілгенін еске салды. Осыған дейін олардың басым бөлігі апаттық жағдайда болған. Енді ол интернаттар күрделі жөндеуден өткізілді: шатырлары, электр желілері, жылыту жүйелері, сантехникасы ауыстырылып, жаңа жиһаз сатып алынды, оқушылар үшін демалу және тұрғын бөлмелері жабдықталды.

Қарағанды облысында барлығы 21 мектеп жанындағы интернаттар жұмыс істейді. Олардың 12-де күрделі жөндеу, ал тоғызында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.