Қарағандыда өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған алаяқ ұсталды

0
1 011

Полиция бөліміне 40 жастағы әйелден арыз түскен.


Қарағандыда өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған алаяқ ұсталды

ERNUR.KZ. Қарағандыда жедел уәкілдер өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып жүрген алаяқты ұстады, деп жазады Polisia.kz.

3 тамызда Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 40 жастағы әйелден арыз түскен.
Оның айтуынша, көшеде келе жатқанда белгісіз адам келіп өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Белгісіз адам жәбірленушінің дүкенінен ұрланған заттарды сатып алуға болатыны туралы белгі берген. Шынында да бұған дейін бірнеше күн бұрын белгісіз біреулер жәбірленушінің дүкенін тонап, қомақты қаржыда шығын келтірген екен.

"Сондықтан да әйел адам еш күдіктенбестен белгісіз ер адамға 660 мың теңге ақша беріп, бірер сағат өткен соң өзінің алданғанын біліп, полицияға арызданған. Жәбірленушінің түсіндіруі бойынша, күдікті шамамен 35-50 жас аралығында болуы мүмкін деп болжанған.
27 тамызда полиция қызметкерлерінің жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен 48 жастағы ер адам ұсталып, кінәсін мойындаған", - делінген хабарламада.

Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.