Қарағандыда такси жүргізушісін өлтірген жігіт 14 жылға сотталды

0
458

Оқиға өткен жылдың 27 қазанында болған.


Қарағандыда такси жүргізушісін өлтірген жігіт 14 жылға сотталды

ERNUR.KZ. Қарағандыда такси жүргізушісін өлтіру фактісі бойынша ер адам 14 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Сотталушыға тағылған айыптың ең ауыр 2 бабы бойынша кінәлі деп танылып, 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар, жәбірленушінің пайдасына сотталушыдан 10 млн теңге моральдық залал өндірілді»,-деп хабарлайды Қарағанды облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, өткен жылдың 27 қазан күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Киров полиция бөліміне Учительская көшесінде бірнеше пышақ жарақаты бар 59 жастағы азаматтың мәйіті табылғандығы туралы хабарлама түсті.

Оқиға орнына облыстық Полиция департаменті және қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу топтары жіберілді. Полиция қызметкерлері жәбірленушінің такси жүргізушісі болып жұмыс істейтінін анықтады.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралары барысында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 25 жастағы қала тұрғыны ұсталды.

Ол жүргізушіге жол ақысына келіспеушілік барысында пышақ жарақатын салғанын мойындаған.

Кейін күдікті таксиді айдап кетіп, ЖБИ ықшам ауданына барар жолдағы теміржол өтпесінің жанына тастап кеткен.