​Кассирдің өліміне не себеп болды?

0
1 373

Қарағанды облысында пошта бөлімшесінің кассирі өз-өзіне қол салды. Соның адында ғана кассадан қомақты сома жетіспейтіні анықталыпты. Өзін өлімге қиған Мөлдір Тапинаның туыстарының айтуынша, оған бөлімше басшысы жоғалған ақшаны тап деп қысым жасапты.


​Кассирдің өліміне не себеп болды?

фото 7mednews.ru

Қарағанды облысында пошта бөлімшесінің кассирі өз-өзіне қол салды. Соның адында ғана кассадан қомақты сома жетіспейтіні анықталыпты. Өзін өлімге қиған Мөлдір Тапинаның туыстарының айтуынша, оған бөлімше басшысы жоғалған ақшаны тап деп қысым жасапты. Мөлдір ақыры үйінде өзіне қол салған. Бірақ пошта бөлімшесіндегілер оқиғаның мүлдем басқаша болғанын айтып отыр, деп хабарлады ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

30 жастағы Мөлдір Тапина өткен жұмада өзіне қол салды. Марқұмды мәңгілік мекеніне жіберген туыстары бәленің барлығы поштадан келді деп отыр. Себебі онда жақында 2 миллион теңгеден астам қаражаттың ізім-ғайым жоғалғаны анықталған. Күдікке бөлімшеде бас-аяғы 2 ай ғана жұмыс істеген жалғыз кассир, осы Мөлдір ілінген. Келген комиссия мүшелері көрмедім дегеніне қарамай қыспаққа алған дейді жақындары.

Туыстары марқұмды адамның ала жібін аттамайтын, жаны нәзік және өте тұйық болатын дейді. Ал соңғы жағдай тіпті оның жанын кескілегенге ұқсайды. Сондықтан таңертеңгілікте ұйықтап жатқан күйеуіне білдірмей көрші бөлмеге өтіп, өзіне қол жұмсаған.

"Өзінің анемиясы бар еді. Мына қызым құлап қалған екен ғой деп, көтеріп қалсам киімілгіште жіпте ілініп тұр. Құлыным сол. Ешкім жоқ, айғай салып сол бетіммен далаға жүгірдім", — дейді марқұмның анасы Айнаш Манабаева.

Табиғатынан сырын ешкімге айтпайтын Мөлдірдің кейінгі кезде қатты күйзеліп кеткенін жары да байқаған. Денсаулығына байланысты демалыста жүрген оны қайта-қайта жұмысқа шақыруынан күдіктенген ол бірде артынан іздеп барыпты.

"Мөлдір айта алмайды, дір-дір етіп тұр. 900 мың теңге жетпеген. Соған Мөлдірге төлейсің деп айтқан. Күйеуіңді де жұмыстан шығарамыз деп айтқан бастығы. Ертең соттап жебереміз деген. Бүгін салмасаңдар жұмыстан күйеуіңді шығарамыз депті", — дейді марқұмның күйеуі Аслан Тұрсынов.

Ал пошта басшылары ақшаны Мөлдірдің алғанына шүбә жоқ дейді. Мұнысын банкоматқа ақша толтыру кезінде іске асырған көрінеді. Банкоматтан алынған ескі кассеталарда қалып қойған 2 миллион теңгеден аса қаражатты алып, олардың ішінде ақша болмағанын айтыпты. Мұндай жағдай жиі болатындықтан басшылық мән бермеген. Алайда қомақты соманың жоғын арнайы бағдарлама әшкерелепті. Алғашында көрмедім білмедім деген кассир ақыры 2 миллион 1 жүз мың теңгенің 1 миллион 200 мың теңгесін үйінен әкелген.

"Түнгі бірде кассирді үйінен шақыртып, кассаны ашып, жаңағы әкелген жарты ақшасын салдық. Комиссияның көзінше, жазған қолхаты бар. Біраз сомасын ұстап қойыпты, өзі мойындады", — деп түсіндірді "Қазпошта" АҚ Қарқаралы аудандық бөлімшесінің бас есепшісі Нәзира Тіленшина.

Дегенмен, марқұмның туыстарының арызы бойынша полиция адамды өзіне қол жұмсауға итермеледі деген баппен іс қозғаған. Ақ-қараны солар анықтауы тиіс. Жалпы, бұл Қарқаралыдағы бөлімшеге қатысты алғашқы дау емес. Былтыр осы жерден 14 миллион теңге қолды болып, былыққа қатысы бар деген күдікпен бөлімшенің бұрынғы басшысы мен бас кассирі шатылып жатыр.