Видеодан кадр
ERNUR.KZ. Каспий теңізінің таяздануына байланысты жаңа арал пайда болды. Құрлықтың ерекше бөлігі құс ұшатын биіктіктен таспаға түсірілді, деп жазады tengrinews.kz.
Басылым мәліметінше, жаңа Рыбачий аралы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде, Святой аралынан шығысқа қарай шамамен 500 метр жерде және Маңғыстау облысының Баутино ауылынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан.
Мамандар кейінгі 4-5 жылда Каспийдің солтүстік бөлігінде су деңгейінің төмендеуіне байланысты жаңа құрлық учаскелері пайда бола бастағанын айтады. Соның ішінде, олар Каспий итбалықтары мекендейтін Құлалы, Морской, Святой, Подгорный, Үшарал, Маяшыққан және Долгий аралдары маңында қалыптасып жатыр.
Жаңа арал туралы не белгілі?
Сарапшылардың айтуынша, Каспийдің бұл бөлігіндегі аралдарды негізінен қасқырлар мекендейді. Сондай-ақ мұнда жабайы шошқалар мен борсықтар кездеседі. Жағалаудағы су мен аралдарда балықтар мен құстардың түр-түрі бар.
Арал құс ұшатын биіктіктен түсірілген. Бейнежазбадан Каспий теңізі деңгейінің өзгеруі нәтижесінде пайда болған ерекше құрлық учаскесін көруге болады.
Еске сала кетейік, ақпанда Қазақстан Үкіметі Каспий теңізін зерттеу мен сақтауға 1,1 миллиард теңге бөлгені белгілі болған еді. Премьер-министрдің қаулысына сәйкес, қаражат кешенді мониторинг жүргізу және ғылыми әлеуетті нығайту үшін "Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты" АҚ-на бағытталды.


