Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауында қамыс өртенген еді. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, Бүгін түнде қамыс өрті сөндірілгенін хабарлады.
Фото: Видеодан алынған скрин
ERNUR.KZ. Қамыс өрті 1 мамырда кешкі сағат 18:30 шамасында анықталған. Жалын Атырау қаласының маңындағы Тасқала ауылынан 40 шақырым қашықтықта тұтанған, деп жазады kaz.inform.kz.
Алайда қамыс өскен аумақты шарпыған жалынды сөндіруге бірнеше жайт кедергі келтірген.
Біріншіден, қатты желдің салдарынан өрт шамамен 450 гектар аумаққа жайылған.
Екіншіден, қамыс 2-2,5 метр биіктікте әрі қалың өскен. Үшіншіден, жалын батпақ пен су бар аумақты шарпыған. Осындай себептер өрт сөндірушілер мен арнайы көліктердің жалынға жақындауын қиындатқан.
“ Бүгін, 3 мамырда сағат 07:20-да Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті толықтай жойылды. Төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері 75 гектар аумақтағы өртті сөндірді. Ал 400 гектар аумақтағы жалын өздігінен өшті. Жалын шарпыған аумағы шамамен 475 гектарды құрады “, -деп мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.
Өртті сөндіруге 101 адам, 21 техника тартылған. Оның ішінде төтенше жағдайлар департаментінен 76 қызметкер, 12 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 25 адам, 9 техника бар.
Енді 15 қызметкер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Кезекшілікке 2 техника бөлінген.