Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде тегін тамақ беру тоқтатылмақ

0
114

Ғылым және жоғары білім министрлігі осындай ұсыныс жасап, Үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.


Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде тегін тамақ беру тоқтатылмақ

Фото: qyzpu.edu.kz

ERNUR.KZ. Салаға жауапты министрлік 2027-2028 оқу жылынан бастап аталған жеңілдікті 1 курсқа жаңадан қабылданатын студенттер үшін алып тастауды ұсынып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Осылайша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне грантпен оқуға түскен студенттерге келесі оқу жылынан бастап тегін ыстық тамақ берілмеуі мүмкін.

Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланған. Оған сәйкес, 2027–2028 оқу жылынан бастап университетке мемлекеттік грантпен қабылданатын студенттерге тегін тамақ беру тоқтатылмақ.

Қазір университетте грантпен оқитын қыздардың ыстық тамағына жұмсалатын ақшаны мемлекет толық төлеп жүр. Ал жаңа тәртіп қабылданса, келесі жылы оқуға түсетін студенттер бұл жеңілдікті ала алмайды.

Дегенмен өзгеріс қазір білім алып жүрген студенттерге бірден әсер етпейді. Министрлік тегін тамақ беру тәртібін біртіндеп тоқтатуды жоспарлап отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі мұны "бюджет қаражатын оңтайландыру және студенттерді тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге байланысты шығыстарды кезең-кезеңмен тоқтату" деп мәлімдеді. Яғни, ұсынысты бюджет қаржысын үнемдеу қажеттігімен түсіндіреді.

"Аталған норма "Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамында білім беру гранты бойынша оқитын студенттерді тегін ыстық тамақпен (шығындарды 100% өтеу) қамтамасыз ету бойынша жеңілдікті 2027-2028 оқу жылынан бастап оқуға түскен тұлғалардан бастап кезең-кезеңмен шектеуді көздейді", – делінген НҚА-ның қысқаша мазмұнында.

Қаулы жобасы 3 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда болады. Әзірге бұл ұсыныс қана.

Егер Үкімет оны қабылдаса, қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.