Қазақстан электр энергиясының профицитін бекітті

0
75

2026 жылы электр энергиясын өндіру көлемін 126,5 млрд кВт/сағ деңгейінде қамтамасыз ету жоспарлануда.


Қазақстан электр энергиясының профицитін бекітті

ERNUR.KZ. Биылғы жылдың бес айында Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі 53,6 млрд кВт/сағ құрады, ал тұтыну 53,3 млрд кВт/сағ деңгейіне жетті. Осылайша, электр энергиясын өндірудегі профицит шамамен 300 млн кВт/сағ құрады, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.

Тұрақты профицит елдің энергетикалық жүйесінің теңгерімді дамуын, генерациялайтын қуаттардың тұрақты жұмысын және ішкі сұранысты сенімді қамтамасыз етуді көрсетеді.

2026 жылы электр энергиясын өндіру көлемін 126,5 млрд кВт/сағ деңгейінде қамтамасыз ету жоспарлануда.

Биыл Қазақстанда дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері есебінен 2,6 ГВт қуат енгізілмек. Атап айтқанда, 4 газ станциясын іске қосу, сондай-ақ екі электр станциясын кеңейту жоспарланған.

Сонымен қатар, 10 жаңа ЖЭК нысаны іске қосылады, оның ішінде 4 жел электр станциясы, 5 күн электр станциясы және 1 су электр станциясы бар.

Бұл жобаларды іске асыру 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай елдегі энергия тапшылығы мәселесін толық шешуге, ал 2029 жылға қарай электр энергиясы бойынша тұрақты профицитке шығуға мүмкіндік береді.