Қазақстан Газаға гуманитарлық дәліз ашуға шақырды

0
257

Кездесу барысында делегация басшылары ИЫҰ кеңістігіндегі түрлі әскери-саяси және гуманитарлық дағдарыстарды реттеу жөніндегі шараларды талқылап, Иран-Израиль қарулы қақтығысты тез арада шешуге және Газа секторында атысты дереу тоқтатуға шақырды.


Қазақстан Газаға гуманитарлық дәліз ашуға шақырды

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясының жұмысына қатысты, деп жазады BAQ.KZ.

Кездесу барысында делегация басшылары ИЫҰ кеңістігіндегі түрлі әскери-саяси және гуманитарлық дағдарыстарды реттеу жөніндегі шараларды талқылап, Иран-Израиль қарулы қақтығысты тез арада шешуге және Газа секторында атысты дереу тоқтатуға шақырды.

«Өзгермелі әлемдегі ИЫҰ» ұранымен өткен форумның күн тәртібіне Ұйымды одан әрі реформалауға, мүше елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, әлемдегі мұсылман азшылықтарының жағдайына, қарусыздану мен исламофобияға байланысты мәселелер де кірді.

Қазақстан Сыртқы істер министрі өз сөзінде Иранның айналасындағы жағдайды деэскалациялаудың маңыздылығына назар аударып, Газа секторына азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу үшін гуманитарлық дәліздерді ашуға шақырды.

“ Қазақстан өңірдегі жағдайды тұрақтандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне өзінің берік қолдауын растайды және тағы да атысты дереу тоқтатуға және Газаға гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізуге шақырады , – деді М.Нұртілеу.

Сонымен қатар ҚР СІМ басшысы ИЫҰ-ның халықаралық аренадағы рөлін нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстарды айтып, Қазақстанның осы процеске өз үлесін қосуға дайын екенін білдірді.

СІМК 51-ші сессиясы барысында әртүрлі бағыттар, оның ішінде саяси, экономикалық, құқықтық, гуманитарлық және әкімшілік-қаржылық мәселелер бойынша 100-ден астам қарар талқыланып, қабылдау жоспарлануда. Қазақстандық бастамалар СІМК-тің тиісті құжаттарына енгізілді.

Сессия барысында М.Нұртілеу Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен, Әзербайжанның Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен, Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Саудпен, Пәкістанның Сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дармен, Иранның Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Аракчимен және Сирияның Сыртқы істер министрі Асаад Хасан аш-Шибанимен, сондай-ақ БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелерді талқылады.