50-ден астам болашақ әскери дәрігерлер Түркия, Армения, Қытай және Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
фото: Сайт Минобороны Казахстана
ERNUR.KZ. Қазақстандағы және шетелдік медициналық жоғары оқу орындарында 200-ден астам болашақ әскери дәрігер білім алып жатыр, деп жазады sputnik.kz.
2027 жылы Қарулы күштердің әскери-медициналық бөлімшелеріне бакалавриат, интернатура және резидентура бітірген 40-қа жуық түлек қосылмақ.
Болашақ мамандардың басым бөлігі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында білім алады. Мұнда 150-ден астам болашақ дәрігер әскери даярлықтан өтуде. Оның ішінде 80-нен астам қыз бар. Олар медициналық пәндерді Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде меңгереді.
Бұдан бөлек, 50-ден астам болашақ әскери дәрігерлер Түркия, Армения, Қытай және Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
"Әскери-медициналық мекемелердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жас мамандарды тарту бағдарламасы осымен екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта 16 адам білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтағаннан кейін біздің бөлімшелерде қызметін жалғастырады", – деді ҚР Қарулы күштері Бас әскери-медициналық басқармасы бастығының емдеу-профилактикалық жұмыс жөніндегі орынбасары медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясов.
Резидентурада дәрігерлерді даярлау Қорғаныс және Денсаулық сақтау министрліктерінің ынтымақтастығы аясында қаржыландырылады. Мақсатты гранттар әскери-медициналық бөлімдер мен мекемелердің сұранысына ие мамандықтар бойынша кадр даярлауға мүмкіндік береді.


