Рекорд ресми түрде Гиннестің әлемдік рекордтар кітабында тіркелді
ERNUR.KZ. Ақмола облысында еліміздегі ең ірі Макинск құс фабрикасы іске қосылды. Осыған орай, кәсіпорынның 200-ден астам қызметкері тауық етінен ұзындығы 222 метр кәуап дайындап, жаңа әлемдік рекорд орнатты. Рекорд ресми түрде Гиннестің әлемдік рекордтар кітабында тіркелді, деп жазады ҚазАқпарат.
Кәсіпорынның БАҚ-пен байланыс және PR менеджері Мәлике Бөлдекбаеваның айтуынша, кәуап дайындау үшін 400 килограмнан астам тауық еті пайдаланылған. Алғашында ұзындығы 220 метр кәуап дайындау жоспарланса, кейін бұл көрсеткіш 222 метрге жеткізілді.
«Шараға Гиннестің әлемдік рекордтарын ұйымдастырудағы ресми төреші Паулина Сапинская қатысып, арнайы сертификат тапсырды», деп жауап қатты Мәлике Бөлдекбаева.
Айта кету керек, рекордтар кітабына енген алдыңғы рекорд 2007 жылы Сингапурде жасалған еді. Сол кездегі кәуаптың ұзындығы 140 метрді құрады, кейін бұл рекорд Ресейде жаңартылып, 170 метрге жетті. Еске сала кетейік, бүгін Индустрияландыру картасы аясында еліміздегі және Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасы іске қосылды.
Бұланды ауданында ашылған «Макинск құс фабрикасы» ЖШС-нің жылдық қуаты 50 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Маңызды жобаны жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытуға серпін береді деп күтілуде. Сонымен қатар, аталған жоба Астана қаласы айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға септігін тигізбек.