Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты

0
128

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуал аумалы-төкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екенін атап өтті.


Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты

ERNUR.KZ. Жиынның күн тәртібінде екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін Президент Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, сапарының басты мақсаты – қос халықтың достығын нығайтып, тату көршілік байланыстарын күшейту, сондай-ақ түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастықты дамыту екеніне назар аударды.

– Құрметті Шавкат Миромонович, Өзіңіздің қажырлы еңбегіңіздің арқасында еліңізде көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамалар қолға алынды. Өзбекстан – біз үшін туыстас, ағайын ел, тату көрші әрі сенімді серіктес. Қос ел арасындағы достықтың тамыры терең, халықтарымыздың рухани құндылықтары ортақ деуге болады. Қазақ-өзбек қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуал аумалы-төкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен келіссөз барысында саяси және экономикалық байланыстарды жандандыра түсетін жаңа бағыттар айқындалғанын жеткізді

– Өзара ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалануды құптаймыз. Сондықтан осы бағытта табанды еңбек етуге дайын екенімізді айттық. Ең әуелі, сауда-экономика саласына ерекше мән беру керек. Сауда-саттықты дамыту үшін өсімнің тың мүмкіндіктерін іздеу, тауарлар номенклатурасын кеңейту және шикізаттық емес экспортты ынталандыру шараларын қабылдау қажет. Осы орайда Өзара тауар айналымын арттыру бағдарламасын сапалы жүзеге асыру маңызды. Бүгін құрылатын Өңір басшылары кеңесін, сондай-ақ Іскерлік кеңес пен «UzKazTrade» бірлескен сауда компаниясы секілді басқа да екіжақты механизмдердің жұмысынан нақты нәтиже күтеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор.

Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым саудадан гөрі ет, бидай, майлы дақылдарды өңдеудің толық өндірістік тізбесін қалыптастыруды, мал шаруашылығы мен органикалық егін шаруашылығын бірге дамытуды ұсынды.

Бұған қоса Президент өнеркәсіп кооперациясына үлкен үміт артады.

– Қазіргі кезде жалпы сомасы бір жарым миллиард доллардан (1,7 млрд доллар) асатын 78 бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Аталған жобалар толық іске асса, экономикалық және инвестициялық ықпалдастығымыз айтарлықтай күшейеді. Бүгін біз олардың бір парасын іске қосамыз. Қазақстанның Өзбекстанға салатын инвестициясын одан әрі ынталандыруға ниеттіміз. Бұл ретте өзбек достарымыздан әдеттегідей қолдау күтеміз. Құрылысы жүріп жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы индустриалдық қуатымызды одан әрі арттыруда маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы серіктестік перспективті бағыттың бірі саналады

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылатын Жұмыс тобынан барлық аспектіні мұқият зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға қатысты ұсыныс беруді сұрады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты кеңейтудің стратегиялық сипатына тоқталды. Атап айтқанда, тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді азайту шаралары қабылданып, шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел үкіметтері логистикалық тізбектің барлық қатысушысына оңтайлы жағдай туғызып, инфрақұрылымдық, нормативтік және институционалдық міндеттерді шешуі қажет деп санайды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, Солтүстік – Оңтүстік дәлізін, сондай-ақ Ауғанстан арқылы теміржол бағытын дамыту аясындағы тиімді ықпалдастықты жалғастыру өзекті екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек тарапын Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірге өркендету үшін Ақтау және Құрық порттары бойынша серіктестік құрып, логистикалық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Қазақстан Президенті су-энергетика саласындағы конструктивті ынтымақтастық аса маңызды екенін жеткізді. Өйткені трансшекаралық өзендердің су ресурсын рационалды пайдалану – екі елдің тұрақты прогресіне ықпал ететін басты факторлардың бірі.

Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне су шаруашылығы саясатындағы тәсілдерді үйлестіру үшін жүйелі шаралар әзірлеуді ұсынды.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша назар аударды

– Қазақстанда мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және IT технологияларды дамытуға баса мән беріледі. Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, осы саладағы Зерттеу университетінің негізі қалануда, ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. Жалпы, Қазақстанды цифрлық елге айналдыру міндеті қойылды. Өзбекстан да цифрландыруға және жасанды интеллект технологиясын дамытуға бағыт алғанын білеміз. Аталған салада бірқатар жетістікке қол жеткізді. Өзбек компанияларын тығыз ынтымақтастық орнатып, осынау келешегі зор салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. Astana Hub пен IT Park Uzbekistan арасындағы ынтымақтастық осындай табысты синергияға мысал бола алады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыстардың өрісі кеңейе бастады. Бұл ретте Президент мәдениет күндерін өткізу, шығармашылық интеллигенция, жастар арасында белсенді диалог қалыптастыру, көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселелерін қозғады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтар қос халықтың игілігі жолында сан қырлы байланыстарды одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Өзбекстан Президенті екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде Жоғары мемлекетаралық кеңес маңызды рөл атқаратынын жеткізді

– Біздің қарым-қатынастарымыз стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жоғары деңгейіне көтерілді. Оның негізінде берік сенім, бауырлас халықтарымыздың арасындағы тату көршілік және шынайы достық жатыр. Былтыр құрылған Жоғары мемлекетаралық кеңес өзектілігі мен тиімділігін көрсетті. Бүгін екінші отырыста біз өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын және зор әлеуетіміздің тың мүмкіндерін танытудың жолдарын жан-жақты талқылаймыз. Сан қырлы серіктестігімізді кеңейтуге айтарлықтай серпін беретін шешімдер қабылдаймыз. Қазіргі алмағайып кезеңде елдеріміздің және тұтас аймақтың экономикалық конъюнктурасына оң әсер ететін тығыз және проактивті ықпалдастық ерекше мәнге ие, – деді Шавкат Мирзиёев.