Қазақстан мұнайы Өзбекстанға да жеткізілуі мүмкін

0
104

​Қазақстан мен Өзбекстан энергетика және мұнай-химия саласында жаңа жобаларды талқылап жатыр.


Қазақстан мұнайы Өзбекстанға да жеткізілуі мүмкін

фото:baq.kz.

ERNUR.KZ. Астанада өтіп жатқан өңірлік экологиялық саммит - RES 2026 кулуарында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанның халықаралық серіктестік аясындағы жоспарлары туралы айтты, деп жазады baq.kz.

Оның сөзінше, елдер арасындағы ынтымақтастық тәжірибе алмасу мен өзара қолдауға негізделген.

Тәжірибе алмасу, өзара көмек - осының бәрі жалпы практикалық мәселелерді шешуге көмектеседі. Біз тек энергетика саласында ғана емес, экономиканың барлық бағыттары бойынша серіктестерімізбен өте белсенді жұмыс істеп жатырмыз, - деді министр.

Ол Өзбекстанмен ынтымақтастыққа жеке тоқталып, бірқатар маңызды жобалар қаралып жатқанын жеткізді.

Өзбекстанмен бізде жоба өте көп. Жақында Президенттің Өзбекстан Республикасына сапары болды, сол кезде көптеген бастамалар талқыланды. Соның ішінде мұнай-химия бағытын дамыту, мұнай өңдеу саласын кеңейту мәселелері бар, - деді ол.

Министрдің айтуынша, энергетика саласында да өзара іс-қимыл күшейіп келеді.

Біз Ресей газын Өзбекстанға транзиттеу, сондай-ақ ресейлік мұнайды жеткізу бағытында тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар Қазақстан өнімдерін, атап айтқанда, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін Өзбекстанға жеткізу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз, - деді Ерлан Ақкенженов.

Оның сөзінше, жобалардың бір бөлігі талқылау кезеңінде болса, енді бірі практикалық іске асыру сатысына өткен.

Көптеген жоба қазірдің өзінде нақты іске асыру кезеңінде. Жалпы, өзбек әріптестерімізбен өте тығыз ынтымақтастық орнаған, – деп айтты министр.