Қазақстан оқушылары робототехникадан жүлде алып, рекорд орнатты

0
821

Қазақстан оқушылары бірден «FIRST Tech Challenge UK and Ireland» екі британдық маусымаралық олимпиадасында үздік болды.


Қазақстан оқушылары робототехникадан жүлде алып, рекорд орнатты

ERNUR.KZ. Оқушыларымыз 20 ойынның 19-ында рекорд ұпаймен жеңіске жетіп, қазылар алқасының 3 номинациясын ұтып алып, жарыстың рекордын орнатты, деп жазады zakon.kz.

Ұлттық құрама сапында 15-17 жас аралығындағы 12 оқушы жарысқа қатысты. Олардың барлығы – робототехника бойынша қазақстандық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Бұл жеңістер оқушыларға әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік береді.

Бірінші «FIRST Tech Challenge – West Midlands» жарысы 28 маусымда Вулвергемптонда, Уэст-Мидлендс графтығында өтті. Онда қазақстандық оқушылар 10 ойынның 10-ында жеңіске жетіп, үздік өнер көрсеткен командаға берілетін бас төреші номинациясының Judges Award жүлдесін жеңіп алды.

1 шілдеде Лондонда «FIRST Tech Challenge – South East» екінші жарысы өтті. Ойындарға британдық мықты командалардан бөлек, басқа елдерден де келген жасөспірімдер қатысты. Онда оқушыларымыз 10 ойынның 9-ында жеңіске жетіп, І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар оқушылар қазылар алқасының екі марапатына ие болды – Judges Award және Control Award сыйлығы.

Біздің Ұлыбританияға сапарымыз шынымен де тарихи сәтке толы болды. Оқушыларымыздың тәжірибесі бәсекелестерінен бірнеше есе аз болса да, олар өздерін жақсы жағынан көрсете білді және үздік нәтижеге қол жеткізді. Сонымен қатар FIRST бағдарламасының жеке қорында 80 млн доллар стипендиясы бар және робототехника чемпионатының жеңімпаздары әлемнің жетекші университеттеріне, соның ішінде MIT, Yale және басқа да үздік университеттерге тегін оқуға өтініш бере алады, – деді USTEM Robotics Қазақстандағы және Орталық Азиядағы робототехника дамыту қорының негізін қалаушы Нұрдәулет Досмағамбет.

Қазақстан оқушылары бір айға жуық уақытын өз мектептерінің зертханаларында өткізіп, роботын құрастыруға арнады. Жас өнертапқыштар робот бөлшектерін өздері модельдеді, содан кейін мектеп шеберханаларындағы 3D принтер мен лазерлік машиналарда жобаларын жүзеге асырды.

Робототехниканың арқасында біз әлемді тануға, саяхаттауға және басқа елдердің үздік оқушыларымен кездесуге мүмкіндік алдық. Ұлыбританияға жасаған бұл сапарымыз өз қабілетімізге сенім берді. Біз Англия мен Солтүстік Кипрдің ең мықты командаларымен елдің намысын қорғау үшін жарыстық. Ал ойындар арасында қарсыластарымызға көмектесіп те тұрдық. Ұйымдастырушылар мен басқа командалардың жаттықтырушыларынан алғыс сөздер естігенімізге қуандық, –дейді оқушы Нұрасыл Бейсенбай.

FIRST ҚР Оқу-ағарту министрлігінің оқушылар мен мұғалімдердің қатысуы үшін ұсынған олимпиадалар тізіміне енгізілген. Жыл сайын FIRST демеушілігімен 6 мен 18 жас аралығындағы балалар арасында түрлі жарыс өткізіледі.