21 жастағы спортшы төрт жылға жарыстардан шеттетілген.
Фото: instagram.com/ktf_krg_tennis
ERNUR.KZ. Қазақстан теннис федерациясы антидопинг ережесін бұзғаны үшін жарыстардан шеттетілген теннисші Арсланбек Айткұлов ісіне қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұған дейін БАҚ-та 21 жастағы спортшының Халықаралық теннистегі адалдықты қамтамасыз ету агенттігінің (ITIA) шешімімен төрт жылға жарыстардан шеттетілгені туралы ақпарат тараған болатын.
ITIA-дан 2024 жылдың наурызында хабарлама алған сәттен бастап Айткұлов адвокаттың және Федерацияның қолдауымен айыптауларға белсенді түрде қарсылық білдірді. Ол қолданған BCAA (аминқышқылдық қоспалар) контрафакті болып шыққанын дәлелдейтін айғақтар ұсынды. Федерация өнімге сараптама жүргізуден бастап халықаралық ұйымдармен байланыс орнатуға дейін жан-жақты көмек көрсеткен.
Қазақстан теннис федерациясы допингке нөлдік төзімділік қағидатын қатаң ұстанатынын ерекше атап өтті. Барлық спортшы антидопинг стандарттары бойынша оқытылады, ал кез келген препаратты қолдану тек федерация дәрігерімен келісілгеннен кейін ғана мүмкін болады.
Федерация мәліметінше, Айткұлов бастапқыда ресми дәрігер мақұлдаған аминқышқылдарын қабылдаған. Алайда кейін Қарағандыдан ұқсас қоспаларды сатып алған. KazWADA деректеріне сәйкес, сол қоспалардың ірі партиясы қолдан жасалған болып шыққан. Оның ішінде спортшы пайдаланған аминқышқылдар да бар.
Федерация қазақстандық спортшылардың құқықтарын қорғауды жалғастыратынын, сонымен бірге спорттағы адалдық пен тазалықтың жоғары стандарттарын сақтайтынын жеткізді.