Алқалы жиын барысында Қазақстан жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек көпшілікті жаңадан дайындалған Жарғының мазмұнымен таныстырып өтті.
ERNUR.KZ. Алматыда өткен қазақ жазушыларының І Пленумында қаламгерлерге түзетулер енгізілген одақтың жаңа Жарғысы таныстырылып, көпшіліктің келісімімен бірауыздан қабылданды, деп жазады baq.kz.
Алқалы жиын барысында Қазақстан жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек көпшілікті жаңадан дайындалған Жарғының мазмұнымен таныстырып өтті.
«Қазақстан Жазушылар одағының 2018 жылдың 12 наурызында өткен IV Құрылтай шешімінің 6 шы тармағына және «Қазақстан жазушылар Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жарғысының 7.3.2. ші тармағына сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Біріншіден, қолданыстағы Жарғымыз көп өзгерген жоқ, Жарғының 80 пайызы сол қалпы қалды. Екіншіден, заңгерлермен жұмыс істеу барысында ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының кейбір талаптарына біздің бірқатар баптарымыз сәйкес емес екендігі анықталды», -деді ол.
Оның айтуынша, Жарғыдағы Заңға сәйкес келмейтін тұстары ертең Жазушылар Одағы қызметіне кері әсер етпек. Сол себептен, қолданыстағы Жарғы ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының талаптарына барынша сәйкестендірілген
«Енді Жарғымызға қандай жаңа баптар мен тармақтар кіріп отырғандығын және қай баптарына өзгерістер енгеніне тоқталсам. 1 бап бойынша 1.2. тармақта Қазақстан Жазушылар одағының ағылшын тіліндегі атауы қосылды. толық – Republican public association "Union of Writers of Qazaqstan" деген жазу қостық. Латынша жазылған атауын әзірге енгізген жоқпыз. Себебі, өздеріңіз білесіздер латын әліпбиіне қатысты мамандардың нақты шешімі әлі шыққан жоқ. Оны Еліміздің жалпы құжаттамасы латын әліпбиіне көшкен соң, өзгертетін боламыз», - дейді А. Елгезек.
Сондай-ақ ол, 1.9. тармақта Жазушылар Одағының ресми басылымдары белгілендігін, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» және «Простор» журналдары Жазушылар Одағының ресми басылымдары екендігін жеткізді.
«Қазақстан Жазушылар Одағының ресми басылымдарымен қатар, өзінің жеке ресми веб-сайты, әлеуметтік желілердегі ресми аккаунтар мен басқа да интернет құралдары болады. Бұл тармақ қолданыстағы Жарғының 1 бабында жоқ еді. Біз бұл тармақты тайға таңба басқандай қылып, әдейі қосып отырмыз. Өйткені, Одақ басылымдарына қатысты әр кезде әртүрлі әрекеттер болғанын сіздер жақсы білесіздер. Былайша айтқанда, болашақта сондай іс-әрекеттер болып жатса деген оймен мұның алдын алып отырмыз. Енді бұл басылымдарға біреу құда түсіп жатса, онда ең алдымен Жарғыны өзгертуі керек болады», - деді ол.