Айтыскер ақын қоғамда ең көп талқыланған, есімі жиі аталған тұлғаға айналды.
ERNUR.KZ. 2019 жылғы қоғамда талқыланған оқиғаларға сараптама жасап, есімі ең көп аталып, көп талқыланған "Жыл адамы" ретінде белгілі ақын Ринат Зайытов таңдалды, деп жазады Stan.kz.
Өтіп бара жатқан 2019 жыл Қазақстан үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Соның бірі 30 жыл билік басында отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың президент өкілеттігінен бас тартуы, одан кейінгі президент сайлауы мен жаппай митингтер.
10 маусымда, танымал айтыскер ақын Ринат Зайытовты полиция ұстап әкеткені туралы ақпарат тарады. Айтыскер партия құрамын сайлау әділ өтпегені туралы айтып, наразылық танытқан.
Жиында ол "партия құрамын сайлау әділ өтпегені" туралы айтып, наразылық білдірген. Желіде оқиғаның видеосы тарады. Онда жиналған тұрғындардың алдында сөз сөйлеп жатқан айтыскерді тәртіп сақшыларының ұстап әкеткен.
Видеода Зайытов партия құруды қолға алатынын, халыққа бағыт беруге тырысатынын айтқан. Артынша қазақстандық танымал тұлғалар Ринат Зайытовқа араша түсіп, ақынды босатуды сұрады.
"Бүгін белгілі заманауи ақын Ринат Зайытовты тұтқындады. Шоу-бизнес өкілдерінің барлығы Ринатпен жұмыс істеуді мәртебе санайды. Егер Ринат сенімен жұмыс істеуге келіссе, сенің репертуарыңда Ринаттың әні болса, ол рұқсатын берсе, онда сені ақынның өзі таңдап алды деген сөз. Мен революцияшыл емеспін. Бірақ, бүгінгі әрекеттер Алаш Ордалықтарға көрсетілген қысымды еске салып, Ринат Әлихан Бөкейхановтың орнын басып тұр. Мен Ринаттың ұлт үшін қызмет еткенін қалаймын!" - деп жазды продюсер Баян Алагөзова.
Өнер иесінің бұл сөзін қолдағандардың қатары көп болды. Солардың ішінде Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев, Ернар Айдар сынды өнер жұлдыздары да бар.
"Бұның арты жақсы болмайды. Ринатты босатуларыңызды сұраймын!" - деп жазды Мейрамбек Беспаев.
Ринатты қолдауға шыққан мыңға жуық тұрғын "Алматы аренадан" жаяу "Целинный" кинотеатрына қарай беттеп, бірнеше сағат ұрандатып, әнұран айтып, ақынды босатқанша тарқасуға бас тартады. Түн жарымда полиция өкілдері ақынмен түсіндіру жұмыстарын жүргізіліп, босатылғанын хабарлайды. Бірнеше полиция қызметкерімен бірге Ринаттың өзі ортаға шығып, халықтан тарқасуды сұрайды. Өзі үшін қан төгілгенін қаламайтынын жеткізеді.
"Мыңда бір алғыс сіздерге. Мен сіздердің барлықтарыңызды жақсы көремін. Арандататындар болады несін жасырамыз. Мен барлығың үшін осы жерде өлуге дайынмын. Мен үйден келдім. Сондықтан барлығыңыз тараңыздар. Осы сәтте арандамай тарқайықшы, ағайын. Бәрі бітті", - деді Ринат Заитов.
Келесі күні Ринат Зайытовтың алматылықтарға жасаған видео үндеуі жарияланып, ақын жағдайының жақсы екенін, көп ұзамай үйіне қайтатынын айтты. Сонымен қатар, даурыққан жұртқа басу айтып, тынышталуға шақырды.
"Қадірменді, ағайындар, алматылықтар! Алаңдайтындай ештеңе болып жатқан жоқ. Сондықтан, баршаларыңыздан үйлеріңізге тарқауларыңызды өтінемін. Себебі, мен қазақтың бір тамшы қанын мойныма алғым келмейді. Ешкімге реніш жоқ, өкпе жоқ. Бұйырса, үйге қайтайын деп жатырмын. Сіздер де үйлеріңізге қайтыңыздар", - делінген бейнежазбада.
Белгілі журналист, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман елімізде өткен митингілер мен Алматыда халықты жинаған Ринат Зайытовқа қатысты пікір білдіріп, шеруге шыққандардың бәрінің бірдей ниеті түзу емес екенін атап өтті. Сондай-ақ, санкцияланбаған митингіге қатысқандар арасынан ішімдікке қызып алғандарды көргенін тілге тиек етті.
Айтыскер ақын, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабеков өзінің желідегі парақшасында қазақ тарихында қалып, ақындық өнердің әдемі көріністерін көрсетуге қауқарлы өнер иесін алаңға айдап, біреуіміз қой, болашағыңды ойла демедік деп ашынды.
"Біз Ринатты сақтауымыз керек. Кешелі-бері жаны ашып отырған жанды байқамадым. Бәрі пайдаланғысы келеді. Алдыға сап қойып, арқасынан қызықтап қарағысы келеді. Лап-лап етіп от боп тұрған ақынды, орманға қарай бағыттағысы келеді. Алаңға барса арқасын қоздырып, "алдандым" десе жүйкесін тоздырып, көптің емес, топтың мүддесіне пайдаланғысы келеді", - деді ол.
Қазіргі уақытта өнерпаз аса қатты белсенділік танытып жатқан жоқ, десе де соңғы берген сұхбаттарында бір-екі жыл таймаут алып, біраз күш-қуат, білім жинайтынын, әлі де саяси партия құру ойынан айнып қалмағандығын жеткізді. Сайлауға дейін өзі жақтас болып, жер-жерді сайлауалды кампаниясымен бірге аралаған Әміржан Қосановпен ол қазір араласпайтынын тіпті атын атағысы келмейтінін жеткізді.