Қазақстанда 241 сынып карантинге кетті

0
700

Комитет басшысының орынбасары нақты қанша мектепте және қай аймақтарда оқушылардың карантинге кеткенін айта алмады.


Қазақстанда 241 сынып карантинге кетті

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі карантинге жабылған сыныптар туралы ақпарат таратты, деп жазады sputnik.kz.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметованың айтуынша, қазіргі кезде республика бойынша коронавирустың анықталуына байланысты 250-ге жуық сынып карантинге жіберілді.

"Білім беру мекемелерінде коронавирус жұқтырудың 426 жағдайы тіркелген. Барлығы жер-жерде, бөлек болған. Бір сыныптан ары кетсе 5 оқушыдан ғана вирус анықталды. 356 сыныпта бір-бір жағдайдан ғана табылды. 62 сыныпта екі оқушыдан шықса, 11 сыныпта үш-үштен анықталды. Жалпы республика бойынша 241 сынып карантинге жіберілді", - деді Ахметова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Комитет басшысының орынбасары нақты неше мектепте және қандай аймақта оқушылардың карантинге кеткенін айта алмады.

Ал білім және ғылым министрлігіне қарасты мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова карантинге кеткен сыныптарға онлайн форматта білім берілетінін еске салды.

"Карантинге кеткен оқушылардың ішінде науқаспен байланысты болған балалар үшін қашықтан оқыту ұйымдастырылады. Әзірше карантинге толығымен жабылған мектептер жоқ", - деп атап өтті Кәрімова.

Карантинге жіберілген сыныптар 14 күннен кейін қайтадан офлайн форматқа ауыстырылады. Бірақ оған дейін барлығы ПТР-тест тапсыруы шарт.