Қазақстанда 43 жыл бұрынғы ауа температурасы рекорды жаңарды

0
172

Елдегі температуралық фонның жоғары болуына Батыс Азиядан жылы ауа массаларының келуі себеп болды.


Қазақстанда 43 жыл бұрынғы ауа температурасы рекорды жаңарды

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. 2025 жылғы маусымда Қазақстанның көп бөлігінде аптап болды. Қазгидромет мәліметінше, ел аумағының басым бөлігінде ауа температурасының орташа мәні климаттық нормадан 1–3,5 градусқа жоғары болған, деп жазады tengrinews.kz.

Рекордтар

Елдегі температуралық фонның жоғары болуына Батыс Азиядан жылы ауа массаларының келуі себеп болды. Маусымның екінші онкүндігі ерекше ыстық болып, көптеген температуралық рекордтар тіркелді.

Мәселен, 6 маусымда Таразда ауа температурасы +37,4 градусқа жетіп, 2023 жылғы бұрынғы рекордтан (+36,0 градус) асып түсті. Балқашта 12 маусымда +34 градус тіркелді, бұл 1982 жылғы +32,5 градус рекордынан жоғары.

16–19 маусым аралығында келесі қалаларда рекордтар жаңарды:

  • 16 маусым, Жезқазған – +38,4 градус (1988 жылғы рекорд – +38,3 градус)
  • 17 маусым, Шымкент – +38,7 градус (2023 жылғы – +37,5 градус)
  • 18 маусым:
  • - Жезқазған – +42,4 градус (1988 жылғы – +41,1 градус)
    - Шымкент – +40,6 градус (2023 жылғы – +39,1 градус)
    - Түркістан – +42,8 градус (1988 жылғы – +42,6 градус)
    - Алматы – +35,7 градус (2005 жылғы – +35,0 градус)
    - 19 маусым, Семей – +38,1 градус (2023 жылғы – +37,2 градус)

Кейінірек, 24 маусымда Шымкентте +39,4 градус тіркеліп, 1984 жылғы +39,2 градус рекордынан асты. 29 маусымда Алматыда температура +36,6 градусқа жетіп, 2022 жылғы +35,5 градус рекордын жаңартты.

Астанада маусымдағы орташа температура +21,4 градус болды (норма +19,6 градус). Ең жоғары температура 18 маусымда – +36,3 градус, ал ең төмені 9 маусымда – +9,4 градус тіркелді.

Жалпы жылы ауа райына қарамастан, кей өңірлерде температура айырмашылықтары байқалды. Қазақстанның батыс бөлігінде, әсіресе Маңғыстау облысында, температуралық режим негізінен нормаға сай немесе одан 1–1,7 градус төмен болды.

Жауын-шашын нормасы

Елдің солтүстігі мен батысында жауын-шашын мөлшері нормаға сай немесе нормадан жоғары болды. Мысалы, 7 маусымда Ақтөбе облысындағы Новоалексеевкада 50,3 миллиметр жауын-шашын түскен (норма – 32 мм).

Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста жауын-шашын тапшылығы байқалды, бірақ кей күндері қатты нөсер болды. Мәселен, 4 маусымда Алматы облысындағы Жаланаш ауылында 40,3 мм жауын-шашын түскен (айлық норма – 75 мм).

Астанада маусым айында 58 мм жауын-шашын жауып, бұл да нормадан (40 мм) жоғары болды.