Қазақстанда "7-20-25" бағдарламасына тағы 25 миллиард бөлінді

0
469

"7-20-25" – жылдық мөлшерлемесі 7% болатын ипотекалық бағдарлама.


Қазақстанда

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

ERNUR.KZ. Қазақстанда 1 қазаннан бастап "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша биылғы соңғы лимит іске қосылды. Бұл кезеңге 25 млрд теңге бөлінген. Ал 2026 жылға бағдарлама аясында жалпы 100 млрд теңге қарастырылған, деп жазады stan.kz.

"7-20-25" – жылдық мөлшерлемесі 7% болатын ипотекалық бағдарлама. Оның басты ерекшелігі – баспана тек бастапқы нарықтан, яғни дайын жаңа үйден сатып алынады. Биыл алғашқы тоғыз айда бағдарлама аясында 3696 несие рәсімделген. Оларға жалпы 74,9 млрд теңге бағытталған.

Ипотеканы кім ала алады?

Бағдарламаға Қазақстан азаматтары қатыса алады. Ол үшін:

  • соңғы 18 айда өз атында тұрғын үй болмауы керек. Бұл талап ерлі-зайыптылардың екеуіне де қатысты;
  • ресми расталған табысы болуы қажет;
  • қолданыстағы ипотекалық қарызы болмауы керек;
  • бұған дейін "7-20-25" бағдарламасына қатыспаған болуы тиіс.

Маңыздысы, бұл ипотеканы бір адам өмірінде бір рет қана ала алады.

Ипотеканың негізгі шарттары қандай?

Бағдарлама бойынша:

  • жылдық мөлшерлеме – 7%;
  • бастапқы жарна – кемінде 20%;
  • несие мерзімі – 25 жылға дейін.

Несие көлемі өңірге байланысты өзгереді. Астана, Алматы, олардың маңындағы елді мекендер, сондай-ақ Ақтау, Атырау және Шымкент тұрғындары 30 млн теңгеге дейін несие ала алады.

Қарағандыда ең жоғары сома – 25 млн теңге, ал басқа өңірлерде 20 млн теңгеге дейін.

Қандай үй алуға болады?

"7-20-25" бойынша тек пайдалануға берілген жаңа үйді сатып алуға болады. Яғни құрылысы әлі аяқталмаған нысандар мен қайталама нарықтағы пәтерлер бұл бағдарламаға сәйкес келмейді.

Қай банктер ипотека береді?

Қазіргі таңда бағдарламаға жеті банк қатысады:

  • Halyk Bank;
  • Bank CenterCredit;
  • Freedom Bank Kazakhstan;
  • Евразиялық банк;
  • Bank RBK;
  • ForteBank;
  • Altyn Bank.

Ал "Отбасы банк" "7-20-25" бағдарламасы бойынша несие бермейді.

Ипотекаға қалай өтініш беруге болады?

Алдымен банк-оператордың сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы алдын ала өтініш беріледі. Ол үшін сатып алғыңыз келетін пәтер туралы ақпарат, оның ішінде кадастрлық нөмірі мен құрылыс салушының БСН-ы қажет.

Негізгі өтініш, әдетте, банк бөлімшесінде рәсімделеді.

Алайда бір мәселені ескерген жөн. Алдын ала өтініш берілгеннен кейін ипотеканы рәсімдеуге дейін бірнеше ай өтуі мүмкін. Осы аралықта таңдалған пәтер сатылып кетсе, басқа баспана іздеп, өтініш беру рәсімін қайта бастауға тура келеді.

Бағдарламаның қандай қиындықтары бар?

Негізгі мәселелердің бірі – бағдарлама талаптарына сәйкес келетін дайын пәтерлердің аздығы. Құрылыс аяқталған кезде баспаналардың басым бөлігі сатылып кетуі мүмкін.

Бұған қоса, бағдарламада жылдық қаржыландыру лимиті бар. 2026 жылы оған жалпы 100 млрд теңге бөлінген. Бұл шамамен 5 мың несиеге жетеді.

Банктер ипотеканы алдымен өз қаражаты есебінен береді. Кейін Қазақстанның орнықтылық қоры бұл қарыздарды тоқсандық лимит шегінде сатып алады. Сондықтан қаржы көлемі шектеулі. Лимит таусылған жағдайда банк келесі транш бөлінгенге дейін өтініш қабылдауды тоқтатуы мүмкін.

Бағдарлама шарттары өзгере ме?

7 қазан күнгі мәлімет бойынша, Қазақстанның орнықтылық қорына Ұлттық банктен "7-20-25" бағдарламасының шарттарын өзгерту туралы хабарлама түспеген.

Қазақстанда қанша адам ипотека алды?

Бағдарлама іске қосылған 2018 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың 1 қазанына дейін қазақстандықтар 86 851 ипотекалық несие рәсімдеген. Олардың жалпы сомасы 1 трлн 249 млрд теңгеден асты.

Ипотеканы ең көп рәсімдеген тұрғындар:

  • Астана – 31 942 несие;
  • Алматы – 18 919;
  • Шымкент – 6932.