Бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды талдау шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзу деректері анықталды.
ERNUR.KZ. СҚО прокурорлары мемлекеттік сатып алуларды "бұзды", деп жазады tengrinews.kz.
Бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды талдау шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзу деректері анықталды.
Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды тұлғалары "Мемлекеттік сатып алу" және "ҚР сәулет-қала құрылысы, құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарын бұза отырып, сомасы 3,6 миллиард теңгеге жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттарсыз, құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алулар жүргізген.
Шал ақын ауданында Экономика және қаржы бөлімі "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) талаптарына қайшы, аула аумақтарын асфальттау бойынша мекенжайы мен жұмыс көлемін көрсетпей сомасы 57,8 миллион теңгеге сатып алу жүргізген.
Есіл ауданында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Заңның 21-бабын бұза отырып, сатып алынатын тауардың маркасын көрсете отырып, 113,8 миллион теңге сомасында көмір сатып алуды жүзеге асырған.
Қадағалау органының наразылығына байланысты жоғарыда аталған сатып алулар жойылып, кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары жүргізіліп жатыр.
Жалпы жыл басынан бері прокурорлар бұл салада 20 мемлекеттік сатып алуды бұзып, нәтижесінде 7,1 миллиард теңге бюджет қаражатының жұмсалуына жол бермеді.
Жіберілген бұзушылықтар үшін 29 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 7-і мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін, 4-і жұмыстан босатылды және 3-і толық сәйкес еместігі туралы ескертілді.