Қазақстанда 76 мың стандарттау құжаты бар

0
93

Елімізде ұлттық стандарттау жүйесінің дамуының маңызды негізі - қалыптасқан инфрақұрылым.


Қазақстанда 76 мың стандарттау құжаты бар

ERNUR.KZ. Ол өнімдерге, процестерге және көрсетілетін қызметтерге бірыңғай талаптарды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда Нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай қорында 76 мың құжат бар. Оның ішінде 9 мыңнан астамы - ұлттық стандарт, 27 мыңнан астамы – мемлекетаралық стандарттар, сондай-ақ 37 мыңнан астамы – халықаралық және шетелдік стандарттау. Қазақстан экономикасының барлық негізгі саласы ұлттық стандарттармен қамтылған. Бұны ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қанат Қабылбеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік, метрология және өлшемдер, мұнай-газ өнеркәсібі, тамақ технологиялары, сондай-ақ көрсетілетін қызметтер, басқару, көлік және әкімшілік салаларында стандарттардың ең көп саны шоғырланған.

«Ақпараттық технологиялар, металлургия, машина жасау және химиялық технология салаларында айтарлықтай нормативтік қор қалыптастырылды. Бұл стандарттаудың салаларды кең көлемде қамтығанын айғақтайды. Сонымен қатар стандарттар басқа да маңызды бағыттарды қамтиды: құрылыс және құрылыс материалдары, электр техникасы, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, энергетика, теміржол көлігі, авиация, автомобиль жасау және телекоммуникация бағыттары. Осылайша, ұлттық стандарттау жүйесі өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндіріс процестерін жетілдіру және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту үшін нормативтік негіз қалыптастырады», – деді спикер.

Бұл ретте ұлттық стандарттарды қолдану деңгейі 74%-ды құрайды. Бұл стандарттардың кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметіндегі, сондай-ақ өнім сапасын қамтамасыз ету үшін бірыңғай тәсілдерді қалыптастырудағы рөлі маңызды екенін көрсетеді.

Қазіргі таңда болат құбырлардың интерференциялық механикалық қосылысы жөнінде ұлттық стандарт әзірленуде. Жұмыс Қазақстанда MIF технологиясын интеграциялау және Инвестициялық штаб арқылы оны пысықтау аясында жүргізілуде. Техникалық негіздемеге сәйкес, бұл технология құбырларды салуды 3-5 есе жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Мұндағы басты міндет – мұнай-газ саласында оны қолдану үшін нормативтік негізді қалыптастыру. Мұнай-химия саласында заманауи қоса экструзиялау технологияларын ескеретін көп қабатты полиэтилен үлдірге арналған стандарт әзірленуде.

Сонымен қатар Қазақстанда болат өнімдер өндірісін құру жобасын сараптамалық-нормативтік сүйемелдеу пысықталуда. Қытай серіктестерімен бірлесіп, метрологиялық және сынақ инфрақұрылымын дамыту жобалары да қарастырылуда – бұл шығынөлшегіштерді салыстырып тексеру мен калибрлеуден бастап, өнеркәсіптік өнімдерді сынауға және энергетика саласындағы ынтымақтастыққа дейінгі ауқымды қамтиды.