Ел өңірлерде дарынды балалармен жұмысты 20 аймақтық «Дарын» орталығы үйлестіреді.
ERNUR.KZ. Сондай-ақ республикада дарынды балаларға арналған 130 мамандандырылған білім беру ұйымы бар. Білім беру процесі халықаралық стандарттармен ықпалдастырылған, бұл мектеп оқушыларының шығармашылық және зияткерлік әлеуетін барынша ашуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта еліміздің жоғары оқу орындарынан шақырылған ғылым докторлары, кандидаттары мен профессорлар арнайы курстар өткізіп, жыл сайын 1500 сағат көлемінде сабақтан тыс ғылыми-шығармашылық жұмыстар жүргізіледі. Бұл жайында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов ОКҚ брифингінде айтты.
Оның мәлімдеуінше, Қазақстанда дарынды балаларды анықтау мен қолдау жүйесі бірнеше деңгейден тұрады.
«Мектепішілік деңгей – әрбір мектепте қабілетті оқушыларды ерте кезеңде анықтау жұмыстары жүргізіліп, оларды арнайы дайындық топтарына қосу тәжірибесі бар. Аймақтық деңгей – облыстық және қалалық білім басқармалары арқылы олимпиадалар мен конкурстардың іріктеу кезеңдері ұйымдастырылады. Республикалық деңгей – халықаралық, республикалық олимпиадалар, ғылыми жобалар конкурстары, зияткерлік байқаулар өткізіледі. Халықаралық деңгей – халықаралық олимпиадалар, ғылыми жобалар конкурстарына құрама командаларды қатыстыру ұйымдастырылады. Жүйенің тиімділігін бірнеше бағытта бағалауға болады. Қамтылу ауқымы – республика бойынша әрбір үшінші оқушы түрлі интеллектуалдық жарыстарға қатысады (шамамен 40%). Бұл дарынды балаларды анықтаудың кең ауқымын көрсетеді. Халықаралық жетістіктер – қазақстандық оқушылар жыл сайын халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленуде. Мәселен, математика, информатика, физика, химия, география бойынша Қазақстан командасы әлем бойынша үздік жиырма елдің қатарында.Жүйелілік – дарынды балалармен жұмыс үздіксіз жүргізіледі: анықтау → қолдау → дамыту», – деді спикер.
Білім сапасы тікелей педагогтердің кәсібилігіне байланысты. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған ұйымдарда 8 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. 2025 жылы мұғалімдердің біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында 30-ға жуық іс-шара – семинарлар, тренингтер, педагогикалық шеберлік конкурстары мен мастер-кластар өткізілді.
Әр жылы педагогтерге арнап өткізілетін оқу-әдістемелік кеңестің кеңейтілген отырысында үздік өңірлік тәжірибелер, IT-жобалар, авторлық бағдарламалар мен ғылыми әзірлемелер ұсынылады. Нәтижесінде былтыр дарынды балаларға арналған мамандандырылған ұйымдардан 16 мұғалім «Жылдың үздік педагогі» республикалық атағының иегері атанды. Бұл әдістемелердің тиімділігін және педагогтердің кәсіби дайындығын нақты дәлелдейді.