Қазақстанда азаматтық алуға арналған емтихан тапсыру тәртібі қатаңдады

0
132

Жаңа түзетулерге сәйкес, тестілеу кезінде бөгде адамның анықталуына байланысты толтырылатын арнайы актінің нысаны жаңартылды.


Қазақстанда азаматтық алуға арналған емтихан тапсыру тәртібі қатаңдады

Ulysmedia коллажы

ERNUR.KZ. Қазақстанда азаматтық алғысы келетін шетелдіктерге арналған міндетті тестілеуді өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің тиісті бұйрығы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді, деп жазады ulysmedia.kz.

Өзгерістер азаматтардың мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде меңгеруі, Қазақстан тарихы мен Конституциясының негіздерін білуін бағалайтын тестілеуді өткізу рәсіміне қатысты.

Жаңа түзетулерге сәйкес, тестілеу кезінде бөгде адамның анықталуына байланысты толтырылатын арнайы актінің нысаны жаңартылды. Енді құжатта құқық бұзушылыққа жол берген адамның мәртебесі нақты көрсетіледі: Қазақстан Республикасының азаматы немесе шетел азаматы екені жеке белгіленеді.

Сонымен қатар қағидалардағы кейбір құқықтық терминдер нақтыланды. Атап айтқанда, «шетелдіктің тұруға ықтиярхаты» деген тіркес «шетел азаматының тұруға ықтиярхаты» деп өзгертілді.

Бұл өзгерістер тестілеу кезінде өзге адамның орнына емтихан тапсыру әрекеттерінің алдын алуға бағытталған. Егер Қазақстан азаматы шетелдік үміткердің орнына тест тапсыруға әрекеттенсе, бұл дерек ресми түрде тіркеліп, тиісті құқық қорғау органдарына жолдануы мүмкін.

БАҚЫЛАУ ШАРАЛАРЫ

Қазақстанда азаматтық алуға арналған тестілеу жылына екі рет – ақпан және тамыз айларында өткізіледі. Биылғы келесі тестілеуге өтініш қабылдау 10-20 тамыз аралығында жоспарланған.

Қолданыстағы тәртіп бойынша тестілеу кезінде қатысушылар биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Сонымен қатар емтихан өтетін орындарда металл іздегіштер мен байланыс сигналын тұншықтыратын құрылғылар пайдаланылады. Жаңа өзгерістер бақылау шараларын одан әрі күшейтіп, емтиханның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.