2023 жылы шілде айында Атырау мұнай-өңдеу зауыты (МӨЗ) елімізде алғашқы болып К5 экологиялық класты (Еуро-5 аналогы) АИ-92 автобензинін шығаруды бастады.
ERNUR.KZ. Атырау мұнай өңдеу зауыты К5 класындағы бензинді жөнелтуді бастады, деп жазады baq.kz.
2023 жылы шілде айында Атырау мұнай-өңдеу зауыты (МӨЗ) елімізде алғашқы болып К5 экологиялық класты (Еуро-5 аналогы) АИ-92 автобензинін шығаруды бастады.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының ақпаратынша, қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттар көлемін азайтуға бағытталған саясаты аясында АМӨЗ К5 экологиялық класты автокөлік бензинін өндіруге көшті.
Аталмыш экологиялық отынның басты артықшылығы – құрамындағы күкіртті қосылыстардың көрсеткіші К4 класымен салыстырғанда 5 есе аз. Сондай-ақ, хош иісті көмірсутектердің (бензол) және өзге де қоспалардың мөлшері шектеулі.
Айта кету керек, К5 класындағы отынды пайдалану кезінде улы заттардың шығарындыларын азайту адам денсаулығына зиянды әсерді, соның ішінде тітіркену мен тыныс алу органдарының ауруларын, қабыну процестерін, жүйке және жүрек-тамыр жүйесіне кері әсерлерді азайтуға септігін тигізеді.
Бұдан бөлек, K5 класты бензинді пайдалану автокөліктердің жұмысына оң әсер етеді.
К5 стандартты бензин сапасына қол жеткізу кәсіпорынды үш кезеңді жаңғырту барысында жаңа технологиялық қондырғыларды іске қосудың нәтижесінде мүмкін болды. АМӨЗ-де АИ-92-К5 автобензинін өндірудің орташа тәуліктік көрсеткіші 5,5 мың тоннаны құрайды.