Қазақстанда енді ер адамды бопсалап, үйленуге мәжбүрлейтін әйелдер де түрмеге қамалады

0
182

​Мәжіліс заңды Сенатқа жіберді.


Қазақстанда енді ер адамды бопсалап, үйленуге мәжбүрлейтін әйелдер де түрмеге қамалады

Фото: 1tulatv.ru

ERNUR.KZ. Қазақстанның Қылмыстық кодексіне жаңа 125-1 бап, яғни «некеге тұруға мәжбүрлеу» енгізілгелі жатыр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов осы норма ер адамдарға да, әйелдерге де бірдей қолданылатынын айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Яғни, қызды күштеп алып қашқан жігіттер ғана емес, ер адамды үйленуге мәжбүрлеген әйелдер де жаза арқалайды.

«Бұл заң жобасы екі жаққа бірдей қолданылады. Егер әйел ер адамды бопсалап, әртүрлі ақпарат жинап, «маған үйленбесең, мен сен туралы теріс ақпарат таратамын» деп айтса, оған да осы баппен жауапкершілік көзделген», - деп түсіндірді Әбенов Мәжіліс кулуарында.

Мәжілісменнің айтуынша, былайғы өмірде ер адамды қинап, күш жұмсау арқылы тұрмысқа шығатын қыздар жоқ.

«Ер адамды қамап қойып, оны қинап, үйленуге мәжбүрлейтіндер...ол енді теория жағынан ғой, практика жағынан ондай бізде жоқ қой. Өз басым ондайды естімеппін. Жігіттерді қинап, үйленуге мәжбүрлеген деген фактілерді естіген емеспін, бірақ енді шантаж жасағандар бар шығар деп ойлаймын», - дейді Әбенов.

Айта кетері, Қазақстанда қыз алып қашқандар енді ауыр жаза арқалайды. Мәжіліс қабылдаған заңда ірі мөлшердегі айыппұлдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.