Қазақстанда газ құбырларын салу бойынша ірі жобалар іске асырылуда

0
112

Қазақстан Республикасының Үкіметі «Газпром» ЖАҚ-пен «Сарыарқа» қолданыстағы газ тасымалдау жүйесін Ресейдің Ишим қаласы ауданындағы газ құбырымен байланыстыратын жаңа магистральдық газ құбырын салу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуде.


Қазақстанда газ құбырларын салу бойынша ірі жобалар іске асырылуда

ERNUR.KZ. Қостанай облысында салынуы жоспарланған астықты терең өңдеу, алюминий шығару бойынша зауыттарын, газ-химия кешенін және ыстық брикеттелген темір өндіру зауытын және басқа да жобаларды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «КС-14 жаңа компрессорлық станциясының құрылысы және «КС-14–Қостанай» магистральдық газ құбыры» жобасын іске асыру жүргізілуде. Бұл жоба Катар мемлекетімен жасалған Үкіметаралық келісім шеңберінде катарлық инвестормен бірлесіп іске асырылады. Бұл жайлы ҚР энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Сонымен қатар бүгінде «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңін іске асыру жүргізілуде. Бұл жоба да катарлық инвестормен бірлесіп жүзеге асырылуда.

«Ағымдағы жылдың соңына дейін қуаттылығы жылына 10 млрд текше метрге дейінгі ұзындығы 1 450 шақырым газ құбырының желілік бөлігінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. 2027-2029 жылдарға жоспарланған екінші кезең шеңберінде газ құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін компрессорлық станциялар салу жоспарлануда. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ екінші желісі жобасы жоспарланған энергетикалық жобаларды қажетті көлемдегі тауарлық газбен қамтамасыз етуге, елдің оңтүстік өңірлеріне қосымша газ көлемін жеткізуге, экономиканы дамытуға және тұрақты әрі уақытша жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық өсуін ынталандыруға мүмкіндік береді. Алматы облысы мен Жетісу облысының дамуына серпін беретін тауарлық газдың қосымша көлемімен қамтамасыз етудегі тағы бір маңызды жоба «Алматы-Талдықорған» МГҚ 2-ші желісін салу жобасы болып табылады. Бүгінгі күні жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде, сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін жобаны одан әрі іске асыра отырып, қаржыландыру мәселесі қаралатын болады», – деді спикер.

Бұдан бөлек, ел халқын табиғи газға қолжетімділікпен толыққанды қамтамасыз ету мақсатында бүгінде ҚР Энергетика министрлігі елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыруды пысықтауда.

Қазақстан Республикасының Үкіметі «Газпром» ЖАҚ-пен «Сарыарқа» қолданыстағы газ тасымалдау жүйесін Ресейдің Ишим қаласы ауданындағы газ құбырымен байланыстыратын жаңа магистральдық газ құбырын салу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуде. Бұл Қазақстанның солтүстік өңірлерін және Астана қаласын табиғи газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ газ жеткізу маршруттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Өткен жылдың қазан айында Санкт-Петербург қаласында Петербург халықаралық газ форумының аясында Үкімет пен «Газпром» ЖАҚ арасында 2030 жылдан бастап көлемі 6,3 млрд текше метрге дейінгі Ресей газының импортымен Қазақстан Республикасының солтүстік өңірлерін және Астана қаласын газбен жабдықтау үшін Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына жаңа магистральдық газ құбырының жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Ресей тарапымен келіссөздер жалғасуда.