Қазақстанда киіктерді атуға салынған тыйым 2024 жылға дейін ұзартылды

0
1 497

Қазақстан Республикасының аумағында киіктердің дүниежүзілік популяциясының 90 пайыздан астамы мекендейді.


Қазақстанда киіктерді атуға салынған тыйым 2024 жылға дейін ұзартылды

ERNUR.KZ. Қазақстанның бүкіл территориясындағы киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға енгізілген мораторий 2024 жылға дейін ұзартылды, деп жазады zakon.kz.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының аумағында киіктердің дүниежүзілік популяциясының 90 пайыздан астамы мекендейді.

"Аталмыш жануарлардың санының азаюына байланысты (2003 жылы 21 мың басты құрады) ҚР Үкіметі оларды қорғау бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылдады, оның ішінде киіктерді пайдалануға мораторий енгізілді", делінген хабарламада.

Қабылданған шаралардың арқасында бүгінгі күні киік саны 1,3 млн басқа (төлдеу кезеңіне дейін) жетіп отыр, айта кету керек, олардың оңтайлы саны 700-800 мыңды құрайды.

Бұл ретте, ауыл шаруашылығы жануарлары мен киіктердің арасында жайылымдар мен суаратын жерлер үшін бәсекелестік күшейді, киіктердің егін таптау жағдайлары жиіледі.

Осыған байланысты, министрлік 2023 жылы киік популяциясын басқару жөніндегі биологиялық негіздеме аясында оларды ғылыми зерттеуді жоспарлады, оның барысында мынадай мәселелер зерделенетін болады:

1) киік популяцияларының даму болжамы;

2) киіктердің ареалы мен көші-қон жолдарын нақтылау;

3) киіктердің азықтық базасын зерделеу;

4) ауыл шаруашылығымен бәсекелестікті төмендету бойынша ұсыныстар әзірлеу.

"Осыған байланысты, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ғылыми-зерттеу жұмыстары кезеңінде 2022 жылғы 28 желтоқсандағы бұйрықпен Республиканың бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға мораторийді ғылыми негіздемеге сәйкес 2024 жылға дейін ұзартты", - деп мәлімдеді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.