Қазақстанда қытайлық зауыт 264 млн теңгеге айыппұл арқалады

0
98

Жетісу облысы бойынша экология департаменті "Alacem" ЖШС-нің жер қойнауын заңсыз пайдаланғанын мәлімдеді.


Қазақстанда қытайлық зауыт 264 млн теңгеге айыппұл арқалады

фото: izvestnyak.ru

Кәсіпорын рұқсат етілген аумақтан тыс жерде пайдалы қазба өндірген, деп жазады Ulysmedia.kz.

Жетісу облысы бойынша экология департаменті "Alacem" ЖШС-нің жер қойнауын заңсыз пайдаланғанын мәлімдеді. Ведомство мамандары табиғатты қорғау прокуратурасымен бірлесіп жүргізген тексеру барысында кәсіпорынның лицензиялық аумақтан шығып кеткені анықталған. Соның салдарынан 90 мың текше метрден астам кең таралған пайдалы қазбалар заңсыз өндірілген.

“ Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында аспаптық өлшеулер жүргізіліп, жіберілген заңбұзушылықтар тіркелді. Қажетті дәлелдемелер базасы қалыптастырылып, расталды. Іс материалдарын қарау қорытындысы бойынша "Alacem" ЖШС-не 264,2 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды “, – делінген хабарламада.

Айыппұл көлемі мемлекетке келтірілген залал мөлшеріне сәйкес келеді. Айта кетейік, бірнеше жыл бұрын іске қосылған қазақстан-қытай бірлескен зауыты әктас өңдеп, цемент өндірумен айналысады.

Бұған дейін Қазақстанның шығысындағы ірі кәсіпорындардың бірі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жауапқа тартылған еді. Атап айтқанда, қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде көміртек тотығының шығарындылары төрт есеге артқаны анықталған.