Қазақстанда ЛГБТ-қозғалысы экстремистік деп танылмайды

0
188

2025 жылы елімізде ЛГБТ қозғалысының кәмелетке толмағандарға ықпалы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр.


Қазақстанда ЛГБТ-қозғалысы экстремистік деп танылмайды

Фото: Үкімет

ERNUR.KZ. Премьер-министир Олжас Бектенов ел аумағында ЛБГТ-бірлестіктердің қызметін шектеуге қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.

"Құқық қорғау органдарының деректері бойынша елімізде "Калейдоскоп", "Feminita" және "KazFem" деген 3 бейресми бірлестік жұмыс істейді, олардың қызметі дәстүрлі емес жыныстық бағыттағы әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен, оның ішінде қоғамда ЛГБТ-қоғамдастығының өкілдеріне деген толерантты көзқарасты ілгерілетумен
байланысты. Көрсетілген бірлестіктер биыл жергілікті атқарушы органдармен келіспей,
топтық акциялар ұйымдастырған", - делінген жауапта.

Бұл бірлестіктердің әрекеті Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу болып сараланып, 2 белсенді әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны айтылған.

"Өз кезегінде ЛГБТ-қозғалысын экстремистік деп тануды халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтардың сенім білдіру және қоғамдық бірлестіктерге қатысу бостандығына құқықтарын бұзу ретінде қарастыруы мүмкін. Бірқатар елдердің заңнамасы ЛГБТ-ны кәмелетке толмағандар арасында "насихаттауды" шектейтінін атап өткен жөн, алайда бұл шаралар тек бұқаралық тұрғыдан қарастырылады және мұндай қозғалыстарды экстремистік деп жіктеуге қатысы жоқ. Сонымен бірге биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсы петицияны қарайтын жұмыс тобын құрды", - деді Үкімет басшысы.

Нәтижесінде "жасөспірімдер мен балаларды сексуалдық қатынастарды насихаттаудан қорғау, сақтау туралы" талап бөлігінде петицияны ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылданды.

"Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар ЛГБТ қозғалысының кәмелетке толмағандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және басқа ықпал ету факторларын зерттеуде. Бұдан басқа 2025 жылы осы мәселе бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жоспарланған.
Барлық қажетті зерттеулер аяқталғаннан кейін осы саланы реттеу бойынша қоғамдық талқылау ұйымдастырылады", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр бұл мәселе уәкілетті органдар мен Үкіметтің бақылауында екенін баса айтты.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов елімізде бір жыныстыларды насихаттауға толық тыйым салуды ұсынған болатын.