Министрлік себебін түсіндірді.
ERNUR.KZ. Елімізде іскерлік байланыс нөмірлерді іздеу мен орнатуға арналған LinkedIn әлеуметтік желісінің жұмысы тоқтатылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі LinkedIn әлеуметтік желісі жұмысының тоқтатылуын интернет ресурсы тарапынан орын алған тәртіп бұзушылықпен түсіндірді.
«LinkedIn интернет ресурсына мониторинг жүргізу барысында бірнеше заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, интернет-казиноны жарнамалау және біреулердің атынан жалған аккаунттар ашу. Аталған заңбұзушылықтар Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптары мен қатар LinkedIn интернет ресурсының ішкі ережелеріне де қайшы келеді», - делінген аталған ведомствоның баспасөз хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, LinkedIn желісін қолданушыларға арналған келісімде интернет ресурста жарияланатын ақпарат заңды әрі рас болуы тиіс және ол үшінші жақтың құқығына қайшы келмеуі керек.
Сондай-ақ, аталған әлеуметтік желі ережесіне сәйкес, қолданушыларды шатастырып, жалған ақпарат таратуға және құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салынады.
«Осы орайда министрлік ҚР «Байланыс» туралы» заңының 41-1 бабының 3-1 тармағына сәйкес, заңбұзушылықтың орын алғанын анықтап, LinkedIn интернет ресурсының әкімшілігіне аталған олқылықты жою туралы хабарлама жіберді. Өкінішке қарай, желі әкімшілігі тарапынан заңбұзушылық әлі күнге дейін жойылған жоқ» - делінген ақпаратта.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз кезегінде LinkedIn желісін қолданудағы заңбұзушылық жойылып, қалпына келген жағдайда оның жұмысы елімізде жалғаса беретінін алға тартты.