Қазақстанда рақымшылық аясында 1344 адам жазасын өтеуден босатылды

0
189

Оның ішінде 620 адам түзеу мекемелерінен босап шыққан.


Қазақстанда рақымшылық аясында 1344 адам жазасын өтеуден босатылды

фото: egemen.kz

ERNUR.KZ. Енді олардың барлығы әкімшілік қадағалауда болады, деп жазады inbusiness.kz.

Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңның іске асырылуы тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, 724 адам пробациялық бақылаудан және жазасын одан әрі өтеуден босатылды.

Сонымен қатар 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.

– Заң күшіне енген алғашқы күннен бастап барлық аумақтық бөлімшелерде жүйелі жұмыс ұйымдастырылды. Біз күн сайын материалдардың уақытылы дайындалуын, олардың соттарға жолдануын және қабылданған сот шешімдерінің орындалуын бақылауда ұстаймыз.
Бүгінгі таңда соттарға 10 мыңнан астам ұсыныс жолданды. Оның ішінде 4400-ге жуығы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен, ал 6900-ден астамы пробация қызметтерімен дайындалған, – деді ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев.

Нияз Рыспаевтың айтуынша, қылмыстық рақымшылық автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір сотталған бойынша материалдар жеке қаралып, түпкілікті шешімді тек сот қабылдайды.