Бұл мәселеде арадағы делдалдармен жұмыс істеу маңызды.
Фото: baq.kz
ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сиыр етінің бағасына қатысты сұраққа жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.
Министрдің айтуынша, республикадағы сиыр етінің орташа бағасы келісіне шамамен 2960 теңге болады. Малды сойғаннан кейін алынатын ет оның салмағының шамамен 50%-ын алады. Сол себепті еттің өзіндік құны 2700-2800 теңге шамасында құбылады. Айдарбек Сапаров бөлшек саудадағы бағаны бақылау қиын деп отыр. Министрлік бұл бағытта жұмыс істеп жатқанын айтты.
"Үстеме бағаны, шекті бағаны бақылап, айыппұлдар саламыз. Бұл мәселелермен айналысып жатырмыз. Ет жеткілікті. Біз етті экспортқа да шығарып жатырмыз", – деді ведомство басшысы.
Айдарбек Сапаровтың пікірінше, ет бағасының қымбаттауына арадағы делдалдар себеп болып отыр. Фермерлер өз өнімін арзанға сата алмайды, себебі мал өсіру оңай шаруа емес.
"Қазақстан үшін ет бағасының 3500 теңге болуы – қалыпты баға. Қазір Өзбекстанда еттің бағасы 6 мың теңгеге дейін жетеді. Түрікменстан мен Тәжікстанда да осындай жағдай қалыптасып отыр. Бірақ бізде ет жеткілікті, ет қоры бар. Бізге арадағы делдалдармен жұмыс істеу керек. Сонда тәртіп орнайды. Жалпы алсақ, қазір еттің бағасы тұрақты", – деді АШМ басшысы.