Қазақстанда соғыс жағдайында президент өкілеттілігі кеңейтіледі

0
983

Басты мақсат – соғыс жағдайы саласындағы қазіргі заңнаманы жетілдіру. Осыған орай, президент өкілеттілігін толықтыру ұсынылып отыр.


Қазақстанда соғыс жағдайында президент өкілеттілігі кеңейтіледі

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісі соғыс жағдайы мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады sputniknews.kz.

Заң жобасын таныстырған қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов негізгі өзгерістерге тоқталды. Басты мақсат – соғыс жағдайы саласындағы қазіргі заңнаманы жетілдіру. Осыған орай, президент өкілеттілігін толықтыру ұсынылып отыр.

Соның ішінде соғыс жағдайын қолдану тәртібін айқындау, қарулы күштері жоғары бас қолбасшысының ставкасы туралы, қорғаныс кеңестері туралы, соғыс жағдайы кезеңінде үкімет қызметін ұйымдастыру туралы ережені бекіту сияқты өкілеттіліктер бар.

"Бұдан басқа, үкімет қызметі мынадай өкілеттілікпен толықтырылады: бейбіт уақытта соғыс жағдайы кезеңіндегі министрліктер туралы ережені бекіту, соғыс жағдайы кезеңінде үкімет құрылымына кіретін мемлекеттік органды соғыс уақытындағы штатқа көшіруді ұйымдастыру, жергілікті атқарушы органға азаматтық және аумақтық қорғаныс саласын қамтамасыз ету міндетін белгілеу. Сондай-ақ, соғыс жағдайы кезеңінде жергілікті атқарушы органдарға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың қорғаныс кеңестерін құруға өкілеттілік беру ұсынылады", - деді Бектанов.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қорғанысты жоспарлау жүйесіне де өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Біріншіден, президент өкілеттілігін қорғанысты жоспарлау қағидасын бекітумен толықтыру ұсынылады.

Екіншіден, қорғаныс министрлігі жоспарды әзірлеуді үйлестірсе, бас штаб сол жоспардың әзірлеушісі болады. Үшіншіден, жергілікті атқарушы органдар аумақтық қорғаныс жоспарын дайындай алады. Бірақ оны бас штабпен келісу керек.

"Осы түзетулер соғыс жағдайы туралы заңнамалық актіні қазіргі заман талабына сай келтіруге мүмкіндік береді. Одан басқа, соғыс жағдайы кезеңінде мемлекеттің жұмыс істеу механизмін жетілдіреді", - деп атап көрсетті Мұрат Бектанов.