Бұрын нотариустың атқарушылық жазбасы тек қағаз түрінде рәсімделетін.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли қазақстандықтар енді тағы бір құжатты электрондық форматта ала алатынын жеткізді, деп жазады stan.kz.
Уәлидің айтуынша, бұрын нотариустың атқарушылық жазбасы тек қағаз түрінде рәсімделетін. Оны алу үшін азаматтар нотариусқа өзі барып, құжаттардың түпнұсқаларын тапсырып, содан кейін ғана сот орындаушысына жүгінуі қажет болатын.
“Нотариустың атқарушылық жазбасы – бұл қарызды қайтаруға мәжбүрлейтін ресми құжат. Мысалы, біреуге ақша қарыз беріп, оны нотариус арқылы рәсімдеген болсаңыз немесе жалға беру шартыңызда осындай жазба жасау туралы келісім болса – сотқа бармай-ақ, бірден сот орындаушысына шағымдана аласыз. Нотариус қарызды өндіріп алу үшін арнайы белгі (атқарушылық жазба) қояды. Бұл тәсіл уақытты үнемдейді және қарызды қайтару процесін жеңілдетеді”, -деді Уәли.
Енді бұл процедура жеңілдетілді. Атқарушылық жазба электрондық форматта, нотариустың электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы рәсімделеді. Бұл құжаттың заңдылық күші қағаз нұсқасымен бірдей.
Сондай-ақ арнайы жеке кабинет құрылды. Онда борышкерге хабарлама жіберіледі және ол өз қарсылығын жолдай алады. Егер негізді қарсылық болса, нотариус атқарушылық жазбаны міндетті түрде жоюы тиіс. Өйткені бұл жағдайда қарыздың дау туғызбайтыны дәлелденбейді.