Қазақстанда жол-құрылыс материалдарының сапасы тексеріледі

0
787

Материалдар сапасы зертханалық жағдайда тексеруден өтеді.


Қазақстанда жол-құрылыс материалдарының сапасы тексеріледі

ERNUR.KZ. Жолшы мамандары жаңа технологиялар мен жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасын толтыруға кірісті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, мамандар Алматы облысында орналасқан он карьердің материалдарын іріктеп алған.

«Биыл ақпанның басынан бастап «ҚазжолҒЗИ» АҚ Алматы қаласындағы филиалының инженерлері жаңа технологиялар мен жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасын толтыруға кірісті. Институт Алматы облысында орналасқан карьерлерден материалдарды іріктеп алып, олардың сапасын зертханалық жағдайда тексереді», - делінген хабарламада.

Осылайша, институт мамандары Жамбыл, Талғар, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарының он карьерінен материалдар іріктеп алды. Егер зерттеу нәтижелері бойынша бұл материалдардың сапасы қанағаттанарлық болса, бұл кеніштер жалпы тізілімге енгізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жолдарды жобалау мен олардың құрылыс сапасын жақсарту үшін жаңа технологиялар мен жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасын әзірлеген болатын. Базадан алынған өзекті деректерді жол-құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде мердігер ұйымдар басшылыққа алатын болады.

Аталған базада жақын маңдағы карьерлер, битум және асфальтбетон зауыттары туралы, сондай-ақ Қазақстанның белгілі бір өңірлерінде аккредиттелген және пайдалануға рұқсат етілген инновациялар туралы деректер болады.