Қазақстандағы жолдардың қауіпсіздігі «жұлдыздармен» өлшенеді

0
1 130

Болашақта елдегі жолдар қауіпсіздік деңгейі бойынша бірнеше санатқа бөлінеді.


Қазақстандағы жолдардың қауіпсіздігі «жұлдыздармен» өлшенеді

ERNUR.KZ. Қазақстанда қауіпсіз жолдар рейтингі түзіледі, ал жолдардың қауіпсіздік деңгейі «жұлдыздармен» өлшенетін болады. Бұл туралы «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК бас директоры Замир Сағынов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Замир Сағыновтың айтуынша, аталмыш жүйені құру жұмыстары биыл аяқталады.

«Бұл жүйе бізге не береді? 3-4 жыл ішінде біз барлық жол желісіне диагностика жүргіземіз. Яғни, барлық ақпаратты, қашан және қандай жөндеу жүргізілгенін саралаймыз. Сол бойынша қай жолды қашан жөндеу керектігі туралы ұсыныстар беріп отырамыз. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, уақытында жүргізілмеген жөндеу жалпы шығындарды 2-3 есеге ұлғайтады. Бұл жүйеге әрбір азамат қатыса алады. Өзі тұратын аумақтағы жолдың сапасы туралы ақпарат ұсынуына болады», - деді ол.

Сондай-ақ, ол болашақта елдегі жолдардың қауіпсіздік деңгейі бойынша бірнеше санатқа бөлінетінін жеткізді.

«Жақында біз қауіпсіздік деңгейі бойынша жолдарды саралау жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз . Бағалау бір жұлдыздан бес жұлдызға дейін. Бір жұлдыз - қауіпті жол, 5 жұлдыз - қауіпсіз жол дегенді білдіреді», - деп атап өтті кәсіпорын директоры.

Замир Сағынов жол салу және жөндеу көлемі артқан сайын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де артатынын айтады.

«Сондықтан, орталық базасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен жобалық кеңсе құрылады. Онда барлық сатыларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талданады, барлық бизнес-процестерді цифрландыру бойынша шешімдер қабылданады. Осының бәрі әр азамат үшін ашық қолжетімді болады», - деді орталық өкілі.